Кербұлақ ауданының тұрғындарымен кездесу өткізілді
Жалпы 2022-2023 жылдары Кербұлақ ауданының инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандарын салуға, қайта жаңғыртуға және жобалау жұмыстарына бюджеттен 28 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Соның нәтижесінде Сарыөзектегі ауыз су, газдандыру, білім, денсаулық және мәдениет, спорт мекемелерін жаңғырту мен салу жұмыстары қарқынды жүруде. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Кербұлақ ауданының халқымен кездесуінде айтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс басшысының Кербұлақ ауданы тұрғындарымен кездесуінде өңірдің алдағы бағыт-бағдары, былтырғы жылғы кездесуде көтерілген сұрақтардың шешімі жайлы баяндалды. Өз сөзінде Бейбіт Исабаев ауданның су қоймалары мен каналдарын жөндеу шаралары, егін жән мал шаруашылығының аяқ алысы жайлы айтты. Мәселен, Кербұлақ ауданы 113 мың гектардан асатын алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын сепкен, соның 87% дәнді дақылдар. Аймақтың дәнді дақыл егудегі облыстағы үлесі қомақты, яғни 32% құрап отыр. Бұрнағы жылдарда бұл өңірде 3 мың гектарға жуық картоп егістіктері болған. Бірақ әлеуметтік маңызы бар бұл дақыл егістігінің алқабы соңғы жылдары азайған. Яғни аймақтың картоп, көкөніс өсіру әлеуеті толыққанды пайдаланылмай отыр. Сол сияқты қолданыстағы 9 бордақылау алаңының жүктемесін арттыру керек, құс өндірісін дамытуға қолайлы болғанымен өңірде бірде бір құс фабрикасы жоқ. «Ауданның ауыл шаруашылығында әлеуеті мол, алайда ауыл шаруашылық өнімдерінің басым бөлігі шикізат түрінде сатылады. Мысалы, картоп пен сүтті өңдеумен айналысатын бірде-бір кәсіпорын жоқ, бұл бағытта жұмыс дұрыс жүргізілмей отыр. Сондықтан жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды толық қуатына шығару шараларын қабылдап, жаңа қайта өңдеу өндірістерін ашу үшін инвесторларды тарту керек», - деді Б.Исабаев.
Ауданда жайылымдық жерлердің тапшылығы бірінші кезекте Шұбар, Жайнақ батыр, Көксу, Қаспан, Қоғалы ауылдық округтерінде өзекті болып отыр. Ал аталған округтерде әзірге небәрі 1,3 мың гектар жайылымдық жер учаскелері конкурсқа шығарылып берілген. Ауданда өткен жылы 132,8 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері анықталды. Бүгінгі таңда оның небәрі 13,9 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Облыс әкімі жер беру конкурс нәтижесінде бар-жоғы 2 мың гектар ғана жер берілгеніне тоқталып, нақты тапсырмалар берді.
Кербұлақ ауданы өткен жылы өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі бойынша 32 млрд. теңге көлемімен облыста 3-ші орынды иеленді. Ауданның өнеркәсіп саласында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 94% құрады. Инвестиция тарту жағынан аудан облыста 7 пайыздық үлесімен 5-ші орында, өткен жылы 18,9 млрд. теңге инвестиция тартылған.
Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытудың «Ауыл аманаты» ұлттық жобасына 15 ауылдық округінен тек Қарашоқы, Басши ауылдық округтерінен жалпы сомасы 556 млн. теңгеге 108 микрокредит алуға өтінім берілген. Сондықтан облыс басшысы қалған ауылдық округ әкімдері бұл мәселені қолға алу керектігін айтты.
Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 2022-2023 жылдары ауданға 3 млрд. 63 млн. теңге қаражат бөлінді. Осы жылы ауданда барлық қаржыландыру көздері есебінен 16,9 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, оның ішінде бюджет есебінен берілетіні – 9,4 мың шаршы метр.
Бейбіт Исабаев ауданда 5 елді мекенде ауыз су жүйесінің құрылыс-монтаждау, 6 елді мекенде жобалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, оған мемлекеттік бюджеттің 2 млрд. теңгеге жуық қаражаты бөлінгенін айтты. Ал Сарыөзек ауылындағы тозған ауыз су құбырларын ауыстыру жұмыстары жосықсыз мердігердің салдарынан аяқталмай қалған. Сот шешіміне сәйкес мердігер «Көлсай Строй» мекемесі жұмыстарды қыркүйек айына дейін аяқтауы тиіс.
Ауданды газдандыру және жобалау жұмыстарына бүгінге 2,4 млрд. теңге бөлінген. Қазір Сарыөзек ауылында тұрғындарды газға қосу жұмыстары басталды. Жоламан, Қоғалы, Қызылжар, Шоқан, Амангелді ауылдарын газдандырудың жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, мемлекеттік сараптаманың қарауында. Осы жылы ауданның тағы 20 елді мекенінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленеді, ол үшін 342,4 млн. теңге қарастырылған. Құрылыс жұмыстарын бастау келесі жылға жоспарлануда. Нәтижесінде, жоғарыда аталған жобалар іске асырылғаннан кейін 2025 жылы ауданның жоспарланған 26 елді мекені газдандырылады.
2023 жылы Кербұлақ ауданындағы автомобиль жолдарын жөндеуге және күтіп ұстауға мемлекеттік бюджеттен 12,8 млрд. теңге бөлінген. Жыл соңына дейін «Сарыөзек-Көктал» республикалық маңызы бар автомобиль жолының ұзындығы 23 шақырым Алтынемел асуын күрделі жөндеуді аяқтау жоспарлануда. Биыл жөндеуге 8,3 млрд. теңге бөлінді. Сондай-ақ, Алтынемел асуынан Панфилов ауданына қарай ұзындығы 42 шақырым автожол учаскесіне орташа жөндеу жұмыстары басталды, жөндеу осы жылдың соңына дейін аяқталады. Бұдан басқа, осы жылы Басши, Жайнақ, Доланалы, Майтөбе, Жаңалық, Шаған, Шанханай, Қоянкөз, Бостан, Қосағаш ауылдары мен Жоламан станциясындағы ішкі жолдарының 44,9 шақырымы 1 млрд. 115 млн. теңгеге жөнделеді. «Аудан әкімдігі, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдарды тарта отырып жол құрылысы сапасына баса назар аударып, қадағалап отыру қажет», - деді Б.Исабаев.
Әлеуметтік нысандардың, соның ішінде мектептер, медициналық мекемелер, мәдениет және спорт объектілерінің құрылысы да қарқынды жүруде. Мәселен, осы жылдың соңына дейін Сарыөзек ауылында бір ауысымда 250 келушіге қызмет көрсететін емхана құрылысын аяқтау үшін бюджеттен 1,2 млрд. теңге, орталық аудандық аурухананың инфекциялық бөлімшесін күрделі жөндеу үшін 295 млн. теңге бөлінген. Бірнеше ауылда дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт, блокты-модульдік медициналық пункттер салынады.
Осы жылы Сарыөзек ауылында орталық стадионның құрылысын аяқтау үшін 378,8 млн. теңге бөлінді, стадион қыркүйек айында қолданысқа беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ш.Уәлиханов атындағы музейдің мемориалдық кешеніне күрделі жөндеу, реконструкциялау және абаттандыру жүргізу үшін республикалық бюджеттен 338 млн. теңге бөлінді.
Өз баяндамасында Бейбіт Исабаев 2022 жылдың қараша айындағы кездесуде Кербұлақ ауданының тұрғындары көтерген проблемалық мәселелер бойынша атқарылған шараларды атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі күні 9 сұрақтың 4-уі шешімін тапқан. Соның бірқатарына тоқталсақ, Қоғалы ауылындағы демалыс орнының өзенді ластау фактісі облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында осы жылдың сәуір айында қаралып, заңсыз салынған монша бұзылды. Жоламан станциясының 2 шақырым кірме жолына орташа жөндеу жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталып, шілде айында аяқталады. Жергілікті бюджеттен 56,5 млн. теңге бөлінді. Сол сияқты Қазынсу ауылының бір көшесін, Қоянкөз ауылының 5 көшесін жарықтандыру үшін жергілікті бюджеттен барлығы 94,8 млн. теңге қарастырылып, тиісті құрылыс жұмыстары басталған. Түнгі көше жарығы шілде айында қосылады. Тұрғындар көтерген 5 сұрақ бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. «Аудан әкіміне тұрғындар көтерген сұрақтар мен өтініштерді жеке бақылауға алып, орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Осы мәселелердің барлығы елдің әлеуметтік жағдайын жақсартып, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етуі тиіс», - деп атап өтті Б.Исабаев.
Кездесудің сұрақ-жауап бөлімінде жиырмадан астам адам сауалдарын қойды. Тұрғындардың басым бөлігін ауыз су, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің жетіспеушілігі, көшелерді жөндеу мен абаттандыру мәселелері толғандырады. Мәселен, Жайнақ батыр ауылдық округінің тұрғыны Ескелді би көшесіне, Қарашоқы ауылының тұрғыны Момышұлы көшесіне асфальт төсеу, жарық шамдарын орнату, Рудник Арқарлы ауылының азаматы көше жарықтандыру мәселелерін көтерді. Аталған мәселелердің бірқатарына жобалық сметалық құжаттар жасалған, қаржыландыруына қарай іске асырылады. Ал жобасы жасалмаған нысандардың жай-күйін зерделеуді облыс басшысы тиісті мамандарға тапсырды.
Қызылжар ауылында күрес залын салуды сұраған азаматқа облыс әкімі әзірге Басши, Шанханай ауылдарында осындай залдар салынып жатқанын, аудан бюджетін қорғайтын кезде мұндай әлеуметтік нысандарды қажеттілігіне қарай енгізіп отыру керектігін айтты.
Шанханай ауылының тұрғыны Төрехан Нұрғалиев Шанханай ауылына жедел жәрдем көлігін сұрады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына резерв есебінен екі аптаның ішінде жедел жәрдем көлігін шешіп беру тапсырылды. Қойылған барлық сұрақтарға жауап беріліп, тиісті тапсырмалар берілді.
Осы күні Бейбіт Исабаев кербұлақтық тұрғындар үшін жеке қабылдау өткізіп, онға жуық азаматтың сауалдарына жауап берді. Қабылдауда тұрғындар тарапынан негізінен тұрғын үй, жер учаскесін алу, медициналық көмек сияқты әлеуметтік мәселелер көтерілді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -