Талдықорғандағы №18 орта мектеп

Государственные учреждения Республики Казахстан

Талдықорғандағы №18 орта мектеп

Талдықорғандағы №18 орта мектеп

Талдықорғандағы №18 орта мектеп

Талдықорғандағы №18 орта мектепте кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс және жаңа оқу жылындағы (2019-2020) балалардың жол жүру ережесіне байланысты арнайы жиын өтті.

Аталған басқосуға қалалық полиция басқармасының бастығы Асқар Нұрсапа, білім бөлімінің басшысы Жандос Жолдыханов және қала мектептерінің директорлары қатысты.

Полиция полковнигінің айтуынша, соңғы 7 айда Талдықорғанда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың 28-ден 39 фактке дейін өсуі байқалған. Қазір полиция қызметкерлері мұндай заң бұзушылықтарды болдырмас үшін «Түнгі қаладағы балалар» және «Жасөспірім-Заң-қауіпсіздік» сынды акциялар өткізіп келеді.

Балалар қылмысымен қатар, бүгінде балалардың жол қауіпсіздігі де өзекті болып тұр. Асқар Серікұлының айтуынша, соңғы кездері республика көлемінде балалардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары, кейбір жағдайларда апаттардан кейін олардың қайтыс болуына әкеліп соқтыратын жағдайлар жиілеп кеткен. Мәселен, соңғы 7 айдың қорытындысы бойынша, Талдықорғанда 130 жол-көлік оқиғасы орын алып, 11 адам қайтыс болған. Ал, балалардың қатысуымен 37 жазатайым оқиға тіркеліп, салдарынан 1 адам қаза тапса, 40 бала жарақат алыпты. Одан бөлек, балалардың кінәсінен биыл 5 жол-көлік оқиғасы болып, 32 адам жарақаттанған.

«Алдағы жаңа оқу жылын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ескере отырып, біз балалардың мектепке дейінгі және білім беру мекемелеріне іргелес жатқан көшелер мен жаяу жүргіншілер жолына шолу жасадық. Қаланың 28 орта мектебі тексеріліп, нәтижесінде 15 мектепте заң бұзушылықтар анықталды. Сауалнама нәтижелері бойынша көлік және жолаушылар тасымалы бөліміне заң бұзушылықтарды жою туралы бұйрық жібердік», — дейді Асқар Нұрсапа.

Сондай-ақ, полиция басқармасының басшысы: — Әр оқу жылында біз балалардың жол қауіпсіздігін басты назарда ұстап келеміз. Биыл да әр мектептің жанындағы жаяу жүргіншілер жолағына патруль офицерін орналастырамыз, — деп атап өтті.

Айта кетейік, мұнда патрульдік полициямен қатар, балалардың қауіпсіздігін ювеналды полиция да бақылайтын болады. Полиция қызметкерлері таңертең және кешкі уақытта екі ауысыммен қамтамасыз етіледі.

Тағы бір айта кететін жайт, енді әрбір мектепке дейінгі және білім беру мекемесінің жанында балалар жүретіндігі жайында хабарлайтын үлкен белгілер орнатылады. Мамандардың айтуынша, бұл жүргізушілердің жылдамдығын бәсеңдетуге септігін тигізбек.

Полиция полковнигі сөз соңында: — Жаңа оқу жылы жақындап қалды. Сол себепті мектеп директорларына ата-аналар жиналысын ұйымдастыруды сұраймын. Оған ювеналды полиция қызметкерлерімен қатар патрульдік полиция қызметкерлері де қатысуы керек. Біз жол қауіпсіздігі мәселелері бойынша түсіндірме беретін қызметкерлерімізді жіберетін боламыз, — деді.

Ал, қалалық білім бөлімінің басшысы Жандос Жолдыханов өзекті мәселеге қолдау білдіретіндігін айтып, алдағы уақытта бірлесе тығыз жұмыс жасауға дайын екендіктерін жеткізді.

Осыдан кейін Жандос Бейсенбекұлы мектеп директорларымен жеке қалып, жаңа оқу жылына дайындықты пысықтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тамыз конференциясында көтерген мәселелерін талқылап, өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, жыл 12 айға жалғасатын «Мектепке жол» акциясына қатысты әңгіме өрбіді. Ж.Жолдыхановтың айтуынша, биыл көпбалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 2800 баланы оқу құралдарымен, киім-кешектермен қамту жоспарланған. Сонымен қатар, жаңа оқу жылында қалада 4 мыға жуық бала 1-ші сыныпқа барады деп жоспарланған. Осыған орай балаларды мектепке қабылдау мәселесі де қаралды.



Источник: https://taldykorgan.gov.kz/



Еще новости региона