Жоңғар қақпасындағы жел электр станциясы құрылысының бірінші кезеңі басталды
Алакөл ауданы аумағындағы Жоңғар қақпасының жел энергетикалық әлеуеті зор. Қазақстан Республикасының электр энергеткасын дамыту бағдарламасына сәйкес 2030 жылға дейін іске қосу жоспарланған қуаты 500 МВт болатын жел электр станцияларының қатарында «Жоңғар қақпасы 50 МВт» ЖЭС те бар. Бүгінгі күні аталған жобаның бірінші кезеңінің құрылысы басталды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мамандардың айтуынша, Жоңғар қақпасында 50 метр биіктіктегі желдің орташа жылдамдығы 9,7 м/секунд болады, дегенмен мұнда секундына 32 метр жылдамдықпен соғатын дауылдар да жиі болып тұрады. Жел ағымының тығыздығы – 1050 Вт/шаршы м. «Жоңғар қақпасы 50 МВт» ЖЭС-тің толық жүктемеде жұмыс істетін сағат көлемі – 4400 сағат/жыл болмақ.
Алакөл аудандық әкімдігінің мәліметіне қарағанда, жел электр станциясын салуға Үшарал-Достық трассасының бойында, Достық шекаралық темір жол бекетінен 20 шақырым жерден жалгерлік құқықта 165 гектар жер бөлінген. Қазір мұнда жобаны іске асырудың бірінші кезеңі басталып кетті. Құрылыс жұмыстарына 80 адам тартылып, арнайы техникалар іске кіріскен. Атап айтқанда, биіктігі 100 метр болатын жел мачталарын монтаджау, жел турбиналарын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы құрылыстың бірінші кезеңінде «ҚТЖ» ҰК АҚ желісіне қосылатын екеі шақырымдық электр тарату желісі, 110/35 кВт қосалқы электр станциясы, 8 жел генераторы салынады деп межеленіп отыр. Тартылатын инвестиция көлемі – 16,4 млн. теңге. Құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың бірінші тоқсанында бітіру жоспарланған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -