17 жылда 700 локомотив және мыңдаған жұмыс орны: Астананың өндірістік әлеуеті артып келеді
Астана Қазақстанның ірі өнеркәсіптік орталықтарының бірі ретіндегі орнын нығайтып келеді. Қалада заманауи өндіріс орындары дамып, озық технологиялар енгізіліп жатыр, жаңа жұмыс орындары ашылып, бәсекеге қабілетті өнім шығару көлемі ұлғайып келеді. Соның жарқын мысалдарының бірі – Индустриялық парк № 1 аумағында орналасқан «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ (ЛҚЗ). Кәсіпорын көлік технологиялары саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі – Wabtec Corporation халықаралық тобының құрамына кіреді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Кәсіпорынның басты жетістіктерінің бірі – 17 жыл ішінде 700 локомотив шығаруы. Бүгінде кәсіпорында 530-дан астам адам еңбек етеді, ал зауыттың өндірістік қуаты жылына 120 локомотивке дейін шығаруға мүмкіндік береді.ЛҚЗ өнімділігі жоғары, үнемді әрі заманауи технологиялар негізінде жасалған Evolution сериялы локомотивтерді шығарады.
Елордадағы кәсіпорынның өнімі ішкі нарықта ғана емес, шетелде де сұранысқа ие. ЛҚЗ локомотивтері Әзербайжан, Молдова, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Украина, Моңғолия және Өзбекстанға жеткізілген және қазір де жеткізіліп келеді.
Астанадағы өндіріс өңірлік теміржол инфрақұрылымының бір бөлігіне айналып, Қазақстанның экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етуде.
Wabtec компаниясының Қазақстанға салған тікелей инвестициясының көлемі 230 млн АҚШ долларынан асты. Бұл қаражат өндірістік қуаттарды дамытуға, технологиялар трансфертіне, мамандар даярлауға және жеткізушілердің өндірістік алаңдарын дамытуға бағытталды.
Бүгінде кәсіпорын айналасында өндірістік және сервистік алаңдар қалыптасқан. Онда жабдықтарды, құрамдас бөлшектер мен қосалқы бөлшектерді өндіру, жөндеу және оларға қызмет көрсету саласында 1 400-ден астам маман еңбек етеді.
Wabtec компаниясы теміржол тасымалының тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық шешімдерді енгізуде. Цифрландыру бағдарламасы аясында Evolution сериялы жүк локомотивтерінде Trip Optimizer жүйесін пайдалану бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл технология локомотивті басқаруды оңтайландыруға, отын шығынын азайтуға, сондай-ақ пайдалану қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
2024 жылдан бастап Evolution сериялы жүк локомотивтерінің бүкіл паркіне Trip Optimizer жүйесін өнеркәсіптік ауқымда орнату кезеңі басталды. Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – кадр даярлау жүйесін дамыту. Wabtec компаниясы «ҚТЖ» АҚ-ның оқу орталығына виртуалды шынайылық технологиясымен жабдықталған локомотив симуляторын және Evolution дизельдік қозғалтқышының моделін табыстады. Заманауи жабдықтың арқасында мамандар техниканы нақты пайдалану жағдайларына барынша жақын ортада оқудан өте алады. Бүгінгі таңда оқу орталығында Қазақстанның 1 000-нан астам азаматы кәсіби даярлықтан өтті.
ЛҚЗ елордадағы білім беру ұйымдары және бейінді жоғары оқу орындарымен де белсенді ынтымақтастық орнатқан. 2011 жылдан бері кәсіпорынның өндірістік алаңында 150-ден астам студент тәжірибеден өтіп, олардың 10-ы кейіннен жұмысқа орналасты.
Зауыт Астана кәсіптік-техникалық колледжі, Астана техникалық колледжі, «Астана-Профи» қалалық шаруашылық колледжі, Логистика және көлік академиясы, сондай-ақ Қ. Сәтбаев атындағы Техникалық университетімен ынтымақтастық орнатқан.2023 жылғы желтоқсанда Wabtec компаниясы «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бағдарлама аясында студенттер компанияның АҚШ-тағы кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болды. 2024 жылы қазақстандық төрт студент осындай тәжірибеден сәтті өтті. Компания қатысушыларды оқу бағдарламасымен қамтамасыз етіп, оларға еңбекақы төледі, тұратын орын мен АҚШ ішіндегі әуе сапарларын ұйымдастырды.
Әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі – балалар мен жастар үшін заманауи инфрақұрылым қалыптастыру. 2026 жылғы 15 сәуірде Wabtec компаниясының қатысуымен ҚТЖ-ның «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қоры әлеуметтік жобаларды іске асыру туралы келісімге қол қойды. Келісім аясында Қызылорда облысының Сексеуіл елді мекенінде Оқушылар сарайын және Ақтөбе облысының Шалқар қаласында өнер мектебін салу көзделген.ЛҚЗ-ның дамуы елорданы ауқымды индустрияландыру аясында жүзеге асырылуда.
2026 жылғы қаңтар-шілде айларында Астанада 2 256,2 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 111,9%-ды құрады. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 2 420,1 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 110,6%-ды құрады. Оның жалпы өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі – 95,1%.Өндірістік секторды дамытуда ірі инвестициялық және өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасалған «Астана – жаңа қала» және «Астана – Технополис» арнайы экономикалық аймақтары маңызды рөл атқарады.
Елордадағы ең ірі өндірістік алаң – «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан №1 Индустриялық парк. Мұнда жалпы құны 369 млрд теңгеден асатын 145 өнеркәсіптік жоба жүзеге асырылуда. Бүгінде 103 кәсіпорын жұмыс істеп тұр, тағы 42 жоба іске асыру сатысында. 30-дан астам өндіріс орны шетелдік инвестициялардың қатысуымен құрылуда.
Арнайы экономикалық аймақтар аумағында орналасқан кәсіпорындарда 7 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Іске асырылып жатқан жобалар аясында қосымша 2,5 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Жаңа өндіріс орындарын орналастыруға сұраныстың жоғары екенін және №1 Индустриялық парктің табысты тәжірибесін ескере отырып, елордада мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы №2 Индустриялық парк жобасы жүзеге асырылуда.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -



















































