«Абай әлеміне саяхат»: Астанада оқушылар арасында мәнерлеп оқу іс-шарасы өтті
Астана қаласының №6 балалар кітапханасында Абай Құнанбайұлының туған күніне орай «Абай әлеміне саяхат» атты мәнерлеп оқу іс-шарасы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жиынға кітапхана оқырмандары мен «Айсын» радиожурналистика мектебінің оқушылары қатысып, ұлы ақынның шығармаларын мәнерлеп оқып, Абай мұрасын дәріптеді.
Іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпаққа Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын таныстыру, ақын поэзиясына деген қызығушылықты арттыру, көркем сөз оқу мәдениетін қалыптастыру және оқушылардың мәнерлеп оқу шеберлігін дамыту.
«Абайдың шығармалары – ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор рухани мұра. Оның өлеңдері мен қара сөздерінен білімге, еңбекке, адамгершілікке және елді сүюге үндейтін терең ойларды көреміз. Осындай әдеби іс-шаралар арқылы балалардың Абай мұрасына деген қызығушылығы артып, қазақ сөз өнерін құрметтеуге деген ұмтылысы қалыптасады», – деді №6 балалар кітапханасының меңгерушісі Анар Әкімбекова.
Іс-шара барысында қатысушылар Абайдың өмірі мен шығармашылық жолы туралы ақпарат алып, ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Сонымен қатар Абайдың қара сөздері мен әндері орындалып, қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің бір бөлігі ретінде күй тартылды.«Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқу біз үшін өте қызықты болды. Іс-шараға дайындалу барысында ақынның шығармаларын оқып, оның әрбір өлеңінің мағынасына тереңірек үңілуге тырыстық. Абайдың білімге, еңбекке, адамгершілікке шақыратын ойлары бізге үлкен әсер қалдырды», – деді «Айсын» радиожурналистика мектебінің оқушысы Маржан Жаңабек.
Тағылымды жиында оқушылар ақын шығармаларының мазмұнын ашып қана қоймай, көркем мәтінді сахнада жеткізу шеберліктерін көрсетті. Мәнерлеп оқу, әдеби шығармаларды талдау және музыкалық орындаулар шараның мазмұнын толықтыра түсті.
#АбайКүні #AbaiDay
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -













