Антқа адал: алты адамға араша болған қос полицей
Алмас Нарымбетов үшінші қабаттағы пәтерге кіргенде, қою түтіннен демалу мүмкін емес еді. Үйде қалған анасы мен сәбиі әбден тұншыға бастаған. Оларды кіреберіс арқылы алып шығу қауіпті болды. Ал терезе сыртында өрт сөндіру сатысымен көтерілген Жандос Абданбеков күтіп тұрды. Баланы аман алып қалудың жалғыз жолы осы еді.
Оқиға 2026 жылғы 19 мамыр Астанада Манас көшесіндегі тұрғын үй кешенінде болды. Өрт шыққан кезде бір жасқа толмаған сәбиімен бірге пәтерде қалған әйел 102 арнасына өзі хабарласып, көмек сұраған.
Шақыртуға келген полиция қызметкерлері Алмас Нарымбетов пен Жандос Абданбеков үшінші қабатқа көтерілу қиын болатынын бірден түсінеді. Уақыт жоғалтпай, екі жақтан әрекет етуге кірісті: Жандос өрт сөндіру сатысымен терезеге қарай көтерілді, ал Алмас қою түтін басқан кіреберіс арқылы пәтерге ұмтылды.
– Кіреберіс арқылы кіру өте қиын болды. Қою түтіннен өзім де тұншыға бастадым. Соған қарамастан амалдап пәтерге жеттім. Анасы мен баласы түтінге әбден тұншығайын деп қалған екен, – деп еске алады сол күнді Алмас Нарымбетов.
Баланы кіреберіс арқылы алып шығу қауіпті еді. Алмас оны терезе сыртындағы Жандостың қолына абайлап ұстатты. Әріптесі баланы саты арқылы төмен түсіріп, қауіпсіз жерге жеткізді.
– Баланы терезеден беру де оңайға соққан жоқ. Әрі биік, әрі әрекет етуге өте ыңғайсыз болды. Бірақ кідіруге уақыт аз еді, – дейді полицей.
Осы аралықта олар қабаттағы әр пәтердің есігін қағып, тұрғындарды сыртқа шығарды. Полицейлер үшінші қабаттағы алты адамды уақтылы қауіпсіз жерге алып шықты. Жалпы ғимараттан 30-ға жуық адам эвакуацияланды.
Бірнеше күннен кейін сәбидің анасы полицейлерге қайта хабарласып, дер кезінде көмек көрсеткендері үшін алғысын білдірген.
Бұл оқиға қос полицейдің батылдығын ғана емес, сын сәтте бір-біріне сенім артып, ортақ мақсат үшін үйлесімді әрекет етудің маңызын да көрсетті. Олар үшін қиын сәтте адамдарға қол ұшын беру – полиция қызметінің басты миссиясы.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -









