Антқа адал: "Ол кезде әр секунд маңызды болды…"
№12 автобустағы қалыпты жайт бір сәтте абыр-сабырға ұласты. Арбада отырған бір жасар бала кәмпитке шашалып, дем ала алмай қалды. Жолаушылар не болғанын түсініп үлгергенше, Әлішер Жарқымбеков сәбиді қолына алып, алғашқы көмек көрсетуге кірісті.
2026 жылғы 31 шілденің кешінде Әлішер Жарқымбеков жұмыстан шығып, №12 автобуспен үйіне қарай бет алған. Бір кезде арбада отырған баланың кенет қырылдап, дем ала алмай қалғанын байқайды. Полицей ойланбастан сәбиді қолына алып, басын төмен қаратып, арқасынан бірнеше рет қағады.
Абдырап қалған анасы баласын құшағына алғанымен, сәбидің тынысы әлі ашылмаған еді. Мұны байқаған Әлішер оны қолына қайта алып, алғашқы көмек көрсетуді жалғастырады. Баланың арқасынан қағып, кеуде тұсына бірнеше рет қысым жасайды.
– Бала бір рет дем алғандай болды. Бірақ тыныс жолына тұрып қалған заттың толық шыққанына көз жеткізбей тоқтамадым. Бір кезде аузынан кәмпит шығып, алақаныма түсті, - дейді ол.
Кейін кәмпитті балаға автобустағы жолаушылардың бірі бергені белгілі болды. Анасы сәбиінің неден тұншыққанын бірден түсінбеген. Баласының тынысы қалпына келген соң, қатты шошынған әйел көзіне жас алып Әлішерге алғысын айтты. Оқиғаға куә болған жолаушылар да полицейдің дер кезінде көмекке келгеніне ризашылық білдірді.
Полиция қызметкері үшін жұмыс уақыты аяқталғанымен, адамзат алдындағы жауапкершілік пен парыз уақыт талғамайды.
Полиция аға лейтенанты Әлішер Жарқымбеков – ішкі істер органдарындағы қызметін 2023 жылы бастаған жас маман. Бүгінде ол Астана қаласы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағында инспектор қызметін атқарады.
– Қызметке қабылданған алғашқы күннен бастап бізге адамдарға көмектесу, халыққа жанашыр болу міндеті жүктеледі. Ең бастысы, балақайлар ауырмасын, - дейді Әлішер.
Әлішердің өзі бұл әрекетін ерлікке баламайды. Оның айтуынша, сол сәтте өзгелерден бұрын қимылдауына қызмет барысында қалыптасқан шапшаңдығы мен кәсіби даярлығы сеп болған. Алайда ерлік әрдайым елден ерек үлкен әрекеттен көріне бермейді. Кейде ол көпшілік байқай бермейтін қарапайым қадамнан – қауіп төнген сәтте бөгелместен көмекке ұмтылудан басталады.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -









