АППАРАТ ОТЫРЫСЫ: ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте биылғы қаңтар-маусым айларындағы қала бюджетінің орындалуы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі шаралар және мемлекеттік қажетіне жер учаскелерін қайтару жұмыстарының барысы қаралды.
Қаржы басқармасының басшысы Руслан Бақтыбаевтың айтуынша, Шымкент салық түсімдерінің өсу қарқыны бойынша жоғары көрсеткішті сақтап, еліміздегі үздік бес өңірдің қатарына кіріп отыр. Сонымен қатар, бюджет кірісін ұлғайту және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда.
Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Талғат Мекамбаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыс туралы баяндады. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде Шымкент баға өсімі ең төмен өңірлердің қатарында екені, ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша республикада үшінші орында тұрғаны атап өтілді.
Қалада әлеуметтік бағамен өнім сату жұмысы да жалғасуда. Бүгінде тұрғындар 100 сауда нүктесінде бірінші кезекте қажет тауарларды қолжетімді бағамен сатып ала алады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері тұрақты ұйымдастырылып, баға жағдайына тұрақты мониторинг жүргізілуде.
Жер қатынастары басқармасының басшысы Азат Исламов мемлекеттік қажеттілігіне жер учаскелерін қайтару жұмысының барысы туралы ақпарат берді. Жыл басынан бері 75 жер учаскесіне қатысты 7 қаулы қабылданып, оның 55 учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған.
Сонымен қатар, жол инфрақұрылымын дамыту және әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын жүзеге асыру сияқты ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін жер учаскелерін босату жұмысы жалғасуда. Бұдан бөлек, жер учаскелерін рәсімдеу барысын жетілдіру және оларды тіркеу мерзімдерін қысқарту бағытындағы жұмыс жүргізіліп жатыр.
Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі бюджет қаржысының тиімді игерілуін күшейтуді, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру жұмысын жалғастыруды, сондай-ақ, тұрғындарға қолайлы орындарда орналасатын әлеуметтік сауда нүктелерінің санын арттыруды тапсырды.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -














