«Бір үлкен, тату отбасы сияқты болдық»: астаналық оқушылар кітап оқудың пайдасы жайлы айтты
Астанада №104 мектептің 6-сынып оқушылары жазғы демалыста оқыған қазақтың бес жыр-дастанын талқылады. «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын» және «Қобыланды батыр» шығармаларын талдау арқылы оқушылар кейіпкерлері мен оқиғалары туралы ой бөлісіп, кітаптың адам тәрбиесі мен дүниетанымын қалыптастырудағы маңызын ортаға салды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Сынып жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжазира Бекболатқызының айтуынша, сыныпта кітап оқу жұмысы оқушылар 5-сыныпқа келгеннен бері жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
«Кітап оқуды балалар 5-сыныпқа келген кезде жүйелі түрде қолға алдық. Сынып жетекшісі ретінде балаларды ортақ мақсатқа біріктіру, олардың арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін кітап оқудың үлкен мүмкіндік екенін түсіндім. Бастапқы мақсатымыздың бірі – сыныпты тату, бір-біріне қолдау көрсететін үлкен отбасы ретінде қалыптастыру болды. Осы бастаманы ата-аналар да қолдап, балаларымен бірге кітап оқуға кірісті. Біз ай сайын кемінде бір кітап оқып, кейін оны бірге талқылауды дәстүрге айналдырдық. Өткен жылдың өзінде қазақ және әлем әдебиетінен көптеген шығармамен таныстық.
Мемлекет басшысының елімізді кітап оқитын ұлтқа айналдыру жөніндегі бастамасы біздің жұмысымызға да үлкен серпін берді. Біз сыныбымызбен түрлі кітап оқу марафондарына қатысып келеміз. Балаларды тек мектепте ғана емес, табиғат аясында да кітап оқуға баулуға тырысамын», – деді Гүлжазира Бекболатқызы.
Кітап оқуға деген қызығушылықтың артуы оқушылардың өзара қарым-қатынасына да әсер еткен. 6-сынып оқушысы Алтынай Елдарқызының айтуынша, бастапқыда оқушылар кітапты көбіне жарыста жеңіске жету немесе сыйлық алу үшін оқыған. Кейін бұл әдет қызығушылыққа ұласқан.
«Алғашында сыныбымызбен кітапты көбіне сыйлық алу немесе жарыста жеңіске жету үшін оқитынбыз. Кейін біртіндеп кітап оқуға шын қызыға бастадық. Бір-бірімізбен жарыса отырып кітап оқитын болдық. Соның арқасында сыныбымыздың ынтымағы артып, бәріміз бір үлкен, тату отбасы сияқты болып кеттік. Ұстазымыз жазғы демалыста оқуға берген бес жырды толық аяқтап шықтым. Соның ішінде маған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры ерекше ұнады. Шығарманың оқиғасы мен кейіпкерлері үлкен әсер қалдырды. Осы уақытқа дейін 83 кітап оқып шықтым. Әр кітаптан өзіме жаңа ой, жаңа әсер аламын. Кітап оқыған сайын дүниетанымым кеңейіп, әртүрлі кейіпкерлердің тағдыры арқылы өмір туралы көп нәрсе түсінемін. Сондықтан қазір кітап оқу мен үшін жай ғана тапсырма емес, сүйікті ісіме айналды», – деді Алтынай Елдарқызы.Жиын соңында оқушылар оқыған шығармалары бойынша пікір алмасып, кітап оқу тәжірибесімен бөлісті.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -














































