Мемлекеттік қызметші «Адал азамат» қағидатына сай болуға тиіс
МҚІА төрағасы Дархан Жазықбайдың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғыртуды көздейтін ілкімді реформалар жүргізіліп келеді. Әсіресе «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» қағидатын ілгерілетуде мемлекеттік аппарат өкілдерінің бойында әділдік, адалдық, мемлекетшілдік секілді қасиеттерді орнықтыру ісі қолға алынды. Сондай-ақ жаңа заңнамалық актілер қабылданып, мемлекеттік лауазымдарға үміткерлерді іріктеу тәсілдері жетілдірілді. Осы орайда мемлекеттік қызметтің бүгінгі жай-күйі, салаға енгізіліп жатқан жаңашылдықтар туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан ЖАЗЫҚБАЙ мырзадан сұраған едік.
– Жыл басында ел Президенті «мемлекеттік қызметтің гибридті моделін енгізуді жалғастырған жөн» деген еді. Бұл модельдің ерекшелігі қандай және қалай іске асырылып жатыр?
– Отандық мемлекеттік қызмет саласында жүргізіліп жатқан жүйелі реформалар Әділетті Қазақстан қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылуда. Оның басты бағыттары – ашықтық, әділеттілік және әрбір азамат үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Осы өзгерістерді енгізу шаралары өткен жылы 44 нормативтік құқықтық актіде көрініс тапты.
Бүгінде мансаптық және позициялық модель элементтері бар мемлекеттік қызметтің гибридті моделін қалыптастыру жалғасуда. Бұл шетелдік тәжірибенің озық үлгілерін қабылдай отырып, мемлекеттік қызметте меритократия қағидатын сақтауды қамтамасыз ету арқылы жеке сектордан жаңа көзқарастары мен идеялары бар адамдарды тартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, бұрын осы мүмкіндікті тежеп келген және тек мемлекеттік қызметшілерді ішкі ілгерілетуге бағытталған біліктілік талаптары жаңартылды. Іріктеу кезінде кандидаттың функционалдық бағытына сәйкес мемлекеттік қызметтегі болсын, квазимемлекеттік және жеке секторлардағы болсын жалпы жиынтық жұмыс өтілі ескеріледі. Бұл былтырғы көрсеткішке сәйкес мемлекеттік қызметке қабылданғандардың 68,5%-ның өзге салалардан келуіне жол ашты.
Тағы бір жаңашылдық – «Б» корпусының жекелеген жоғары лауазымдарына олардың салалық тәжірибесі мен таңдаған лауазымының функционалын ескере отырып, нақты сектордан кандидаттарды тікелей тағайындау мүмкіндігі. Мәселен, ауыл шаруашылығы бойынша жеке сектордың кәсібилігі жоғары маманы салалық министрлікке басшылық лауазымға конкурссыз тағайындала алады.
Заңға енгізілген тағы бір өзгеріс нәтижесінде мемлекеттік органдар ұлттық және өзге де жобаларды жүзеге асыру үшін белгілі бір мерзімге тиісті салалық мамандарды – «келісімшарттық қызметші» ретінде тарта алады. Осылайша, қазіргі таңда бірнеше маман келісімшарт бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарда қызмет атқарып келеді.
– Өткен жылы мемлекеттік қызметте бұрын болмаған онлайн іріктеу жүйесі іске қосылды. Бұл жұмыстарыңызды қаншалықты жеңілдетті?
– Кадрларды іріктеудің ашық, ең бастысы – әділ жүйесін қалыптастыру басты мақсаттарымыздың бірі. Мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау рәсімін жеңілдету, азаматтар үшін мемлекеттік қызметтің барынша ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында «e-Qyzmet» жүйесін жаңғырту бойынша жұмыстар атқарылды.
Бүгінде, «eqyzmet.gov.kz» порталында іске қосылған мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа форматы 22 мемлекеттік органда жүзеге асырылуда. 1 шілдеден бастап тағы да 22 мемлекеттік органда бұл жүйені енгізуді жоспарлап отырмыз. 2026 жылға дейін бұл жаңа іріктеу жүйесіне барлық мемлекеттік органдар кезең кезеңімен қосылатын болады.
Жаңа формат үміткерлерге алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуден басқа, барлық кезеңдерде, кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді. Үміткерлер өз деректерін бұрынғыдай қағаз түрінде тапсырмайды, мемлекеттік органдармен жасалған интеграция арқасында деректер автоматты түрде тартылады.
Тестілеу жүргізілетін нормативтік-құқықтық актілердің саны екі есеге – яғни 9-дан 4-ке дейін қысқартылды. Сондай-ақ қазір үміткер сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау кезеңдерінен өтеді.
«Адами фактордың» ықпалын болдырмау үшін іріктеу кезеңдерінен өту кезінде дербес деректерді құпияландыру, анонимділікті қамтамасыз ету мақсатында үміткерлер ID-нөмірленеді және тәуелсіз прокторинг жүйесі қамтамасыз етіледі. Бұл тәжірибе әлемде кеңінен қолданылады және HR-дың тиімді құралы ретінде өзін дәлелдеп отыр.
Конкурс жеңімпазы барлық кезең қорытындысы бойынша ақпараттық жүйемен дербес айқындалады. Нәтижесінде, жаңа жүйе бойынша өткізіліп жатқан конкурстарда бір орынға қатысушылардың үлесі 4,6 адамды құрап, қолданыстағы іріктеу тәртібімен салыстырғанда қатысушылардың саны 2,7 есеге артып отыр. Бұл онлайн форматтағы іріктеу азаматтардың мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттырғанын байқатады.
Алдағы уақытта мемлекеттік қызметке үміткерлердің эмоционалды интеллект және олардың рухани даму деңгейін анықтауға бағытталған тесттерді енгізу, сондай-ақ жасанды интеллект құралдарын қолдану мәселесі зерделеніп жатыр.
– Кейінгі уақытта кадрлық саясатта жастарға басымдылық беріліп келеді. Жастар осы мүмкіндіктерді қалай қолданып келеді?
– Биыл ұйымдастырылған Президенттік жастар кадр резервінің форумында Мемлекет басшысы мемлекет басқару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана-сезімі терең, нағыз отаншыл азаматтар көптеп келуі керектігін және оларға үлкен жауапкершілік жүктелетінін жеткізді.
Бүгінде бастамашыл, жаңаша ойлай алатын жастарды тарту арқылы мемлекеттік қызметшілердің жаңа буыны қалыптасты. Резервке іріктеу жүзеге аса бастағаннан бері жауапты қызметтегі жастардың үлесі артты. Бүгінде 400 резервшінің 295-сі мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді.
Мемлекеттік қызметке талантты жастарды тарту жұмысының жалғасы ретінде биыл 1 наурыздан бастап Өңірлік кадр резервтеріне іріктеу жүргізілуде. Іріктеуді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, Астананың кадр комиссиясы жүзеге асырады. Жобаға қатысуға барлығы 11 505 жас өтінім берді, құжаттарды зерделеу қорытындысы бойынша заңнаманы білуге тестілеуге – 5 354 адам, жеке қасиеттерін бағалауға – 2 433 адам жіберілді. Құзыреттерді бағалауға 939 адам келді. Өңірлік резервке алынған адамдар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурсқа қатыспай-ақ орналаса алады.
Отандық жоғары оқу орындарын мемлекеттік грантпен жоғары үлгеріммен аяқтаған жастарға аудандық және ауылдық жердегі төменгі лауазымдарға конкурссыз тағайындалу мүмкіндігі берілді. Бүгінде 186 үздік түлек аудандық және ауылдық жерлердегі мемлекеттік қызметке конкурссыз қабылданып, ел игілігі жолында қызмет атқарып жүр. Бұл өз кезегінде жергілікті жерлердегі қызметшілердің сапалық құрамының білімді жас кадрлармен толығуына себепші болып отыр.
– Сондай-ақ форумда Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметтегі әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санын көбейту керек екенін айрықша атап өтті. Инклюзивтілікті қамтамасыз ету мәселесі қалай іске асырылып жатыр?
– Қазір елімізде мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 56%-ды құрайды. Олардың басшы лауазымдар арасындағы үлес салмағы – 39,4%. Биыл бірінші тоқсанда мемлекеттік лауазымдарға орналасуға 9 мыңнан астам конкурс өткізіліп, оған қатысушылардың 44% әйелдер құрады. Іріктеу жеңімпаздары арасындағы олардың үлесі 43%-ға жетіп отыр.
Әйелдер қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қамтамасыз етуге және мемлекеттік қызметте кәсібилікті жоғарылатуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Елімізде Әдеп жөніндегі уәкілдердің 38%-ы әйел екенін ерекше атап өткім келеді. Жалпы, мемлекеттік қызметтегі әйелдер әдептілік стандарттарды сақтай отырып, жауапкершілік пен құзыреттіліктің жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Кәсіби міндеттерді жеке өмірімен тиімді үйлестіруге мүмкіндік берілуде. Икемді жұмыс кестесін пайдаланатын қызметшілердің 63%-ы қыз-келіншектер.
Біздің маңызды міндеттеріміздің бірі – мемлекеттік қызметте мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де тең еңбек жағдайлары мен мансаптық өсу мүмкіндіктерін жасау. Жалпы, мүмкіндігі шектеулі мемлекеттік қызметшілердің саны 847 адамды құрап, олардың 30%-ға жуығы басшылық лауазымда қызмет атқарады. Олар ел игілігі жолында тиімді еңбек етіп келеді.
– Президент белсенді азаматтарды, әсіресе еріктілерді қызметке тартудың маңыздылығын айтты. Мемлекеттік қызметпен еріктілікті қатар алып жүрген қызметшілердің үлесі қандай?
– Мемлекеттік қызметшілер арасында ерікті болып қызмет етіп, еліміздің рухани дамуына, өркениетті орта қалыптастыруда жақсылық жасап жүрген мемлекеттік қызметшілерден құралған еріктілердің ерлігі ерекше. 2023 жылы өңірлердегі Агенттіктің аумақтық департаменттері жанынан «Еріктілер кеңесі» құрылды. Бұл консультативті-кеңесші орган қоғамдағы әртүрлі игі шараға атсалысып жүр. Еліміз бойынша кеңестердің құрамында 377 адам бар. Мемлекеттік қызметші өз еркімен ерікті болып жазылып, қызметінен тыс уақытта бірлесе ерікті қызметпен айналысып, өзгелерге үлгі болып, қоғамға үлкен пайдасын тигізіп отыр. Мысалы, қарт кісіге азық-түлік апарып береді, үйін тазалап береді, балаларға және өзге де мұқтаж жандарға арналған тиесілі көмек көрсетеді. Еріктілер су тасқынының алдын алу және оның салдарымен жұмыс жасауға да белсенді қатысты. Осылайша, мемлекеттік қызметшілер 250-ге жуық акциялар мен шараларды іске асырды.
Мемлекеттің саясатын жүргізіп, ел дамуына зор үлес қосып отырған мемлекеттік қызметшілердің жүрек қалауымен еріктілік шараларына белсенді атсалысуы көңілге қуаныш ұялатады. Бұл – жақсылық істеп жарысқан дана халқымыздың игі дәстүрінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі.
– Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс кестесі мен жүктемесі көп айтылады. Қоғамда «Жұмыстары қауырт, түнге дейін отырады» деген пікірлер бар. Бұған қатысты не айтасыз?
– Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау – агенттіктің негізгі міндеттерінің бірі. Қызметшілерді үстеме жұмысқа заңсыз тартуды болдырмау үшін біз осындай фактілерді анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл ретте мемлекеттік органдарда кіруді бақылау және басқару жүйесі мен «Е-қызмет» арасында интеграция жүргіздік. Мемлекеттік органға бару арқылы жұмыс уақыты режімінің сақталуына мониторинг мемлекеттік органдарға бару жоспарына сәйкес бір тоқсан ішінде кемінде бір рет өткізіледі. Жоспарларды агенттік пен оның аумақтық бөлімшелері бір жылға бекітеді және алдын ала мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді. Мемлекеттік органдардың жұмыс уақыты режімін мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органға бару арқылы тиісті мониторинг жылына екі рет жоспардан тыс жүзеге асырылуы мүмкін.
Осы жұмысты реттейтін қағида бекітілген уақыттан бері мемлекеттік органдардың жұмыс режіміне қашықтықтан және бару арқылы жүргізілген мониторинг нәтижесінде анықталған кемшіліктерге байланысты қосымша тынығу сағаттарын беру және өтемақы төлеу арқылы 500-ден астам мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілді.
Сондай-ақ Агенттік мемлекеттік қызметшілердің мансабы мен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін шаралар қабылдады. Іске асырылған бастаманың арқасында өткен жылы мемлекеттік қызметшілердің белгілі бір санаты қашықтықтан немесе аралас қашықтықтан, икемді жұмыс уақыты режімінде жұмыс істеуге мүмкіндік алды.
– Мемлекеттік қызмет саласында бюрократиямен күрес мәселесіне тоқталсақ. Қызметтің сапасын арттыру бағытында қандай нақты шаралар қабылданып келеді?
– Агенттікпен жартыжылдық негізде мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселелері бойынша талдау және мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Бүгінге дейін мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылтуға қатысты жүргізілген мониторинг және талдау нәтижелері бойынша 554 ұсыныс әзірленді. Бұл ұсыныстар халықтың және бизнестің қажеттіліктеріне барынша бағдарланған сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға, бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталған.
Ұсыныстардың 100-ден астамы кодекстер мен заңдарға өзгеріс енгізуді талап етеді. Мысалы, талдау аясында мемлекеттік органдардың 200-ден астам функцияларын алып тастау немесе өзге органдарға, ұйымдарға, сондай-ақ аутсорсингке немесе бәсекелестік ортаға беру жолымен, 40-қа жуық басшы лауазымды атқарушылық лауазымға ауыстыру жолымен басқару құрылымдарын оңтайландыру, дербес жауапкершілікті арттыру мақсатында 80-нен астам комиссияларды тарату жөнінде ұсыныстар әзірленді. Сонымен қатар, еңбек инспекцияларын орталық мемлекеттік орган деңгейіне ауыстыру, мемлекеттік сатып алулар өткізуде жергілікті деңгейде дербестік беру, сатып алулар рәсімдерін оңтайландыру бойынша заңнамалық түзетулер мен өзгертулер қабылданып жатыр. Осылайша бюрократиядан арылту аясында жүргізілген жұмыс шамадан тыс орталықтандыру, артық функциялар, ұйымдық және басқару құрылымының теңгерімсіздігі, жекелеген әкімшілік рәсімдерді шамадан тыс ресімдеу, заңнамадағы қайшылықтардың және ақпараттық жүйелердің жеткіліксіз интеграциясы мәселелерін шешу жолдарын анықтады.
Мемлекеттік көрсетілетін қызмет сапасын арттыру басты назарымызда. Бірінші тоқсанында жүргізілген бақылау шаралары аясында 34 мыңға жуық заң бұзушылық анықталды, оның ішінде 52% мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін бұзу болып отыр.
Өңірлердегі агенттіктің аумақтық департаменттерімен 300-ге жуық шағымдар қаралды. Оның 196-сы бойынша бұзушылықтар расталып, қызмет алушылардың құқықтары қалпына келтірілді.
1 млрд теңгеден астам мөлшерінде қызмет алушыларға субсидиялар төленді және мемлекеттік баж қайтарылды.
Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру барысында цифрлық әдістерді де қолданылып келеді. Енді барлық бақылау шаралары «e-Qyzmet» ақпараттық жүйесінде тіркеледі. Жаңа тәртіп аясында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің мәліметтерін мониторингтеу және үлкен ақпараттарды талдау секілді мемлекеттік бақылаудың цифрлық әдістері қолжетімді болды. Бұл бұзушылықтарды уақтылы анықтауға және жедел алдын алуға қосымша мүмкіндіктер береді.
Заманауи үрдіске сәйкес азаматтардың өтінішіне жедел ден қою, олардың құқықтарын қорғау мақсатында «ЕgovKZBot» телеграмм-платформасында Агенттікке шағымдану функциясы қосылды. Ол арқылы қызмет алушылар өз шағымын жолдап, мәселелерін санаулы минуттарда шеше алады.
– Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және жеке құзыреттерін дамыту жұмысына тоқталсаңыз.
– Жыл сайын 25,5 мыңға жуық мемлекеттік қызметші біліктілігін арттырудан және қайта даярлаудан өтеді. Мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру мақсатында Мемлекеттік басқару академиясымен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқыту жүргізіледі. Бұл оқытудың артықшылығы серіктес АҚШ, БАӘ, Финляндия елдерінің жоғары оқу орындарының базасында қос дипломдық білім алу мүмкіндігі, сондай-ақ БАӘ, Литва, Грузия, Үндістан, Әзербайжан, Швейцария, Болгария, Ресей секілді елдерде шетелдік тағылымдамадан өту қарастырылған. Биыл магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқуды 124 мемлекеттік қызметші аяқтайды. Саяси қызметшілердің басқарушылық құзыреттерін дамыту мақсатында Мемлекеттік басқару академиясы Назарбаев университетімен бірлесіп, «Жаңа формация басшысы» бағдарламасы бойынша оқыту жүргізіп келеді. Жыл сайын бұл оқытудан 50 саяси қызметші өтеді.
Мемлекеттік басқаруды трансформациялау саласындағы озық тәжірибемен алмасу мақсатында «Government Accelerators» және «Capacity Building» бағыттары бойынша Біріккен Араб Әмірліктерімен ынтымақтастық шеңберінде мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер үшін «Kazakhstan Executive Leadership Program 2024» бағдарламасы бойынша Mohammed Bin Rashid School of Government оқу орнында оқыту жүргізіле бастады.
Өткен жылы қатарынан 2 жыл жоғары бағалау нәтижелерін алған қызметшілер үшін өз қалауы бойынша семинарлар тақырыбын және оқыту ұйымын таңдау құқығын беру мүмкіндігі енгізілді. Енді мемлекеттік қызметшілер агенттік жанындағы Үйлестіру кеңесі айқындаған 43 білім беру ұйымдарында мемлекеттік органның қызмет бейіні бойынша оқудан өте алады.
Мемлекеттік қызметшілердің тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде кәсіби білім мен тәжірибе алуы үшін олардың тағылымдамасы өткізіледі. Бүгінде 329 қызметші ұлттық компаниялар мен мемлекеттік емес сектор кәсіпорындарында тағылымдамадан өтті.
Қызметшілердің шетелдік тағылымдамадан өтуін қамтамасыз ету мақсатында мамыр айында Мемлекеттік басқару академиясы мен Түркия Республикасы Президентінің жанындағы Кадрлар басқармасы арасында жасалған меморандум аясында 14 мемлекеттік қызметші Түркия Республикасында тағылымдамадан өтті. Бұл олардың озық шетелдік тәжірибеге сәйкес дағдыларын дамытуға мүмкіндік беріп отыр.
– Отандық қызметшілердің тұлғалық болмысын жетілдіруде қандай құндылықтар негізге алынады?
– Мемлекеттік қызметші Президент айтқан «Адал азамат» идеалдарына сай келуге тиіс. Ол ашықтық пен адалдық, жауапкершілік пен кәсібилік сынды қасиеттерді талап етеді. Сондықтан бүгінде Агенттік мемлекеттік қызметшілердің «Адал азамат» идеалдарына сай келетін кәсіби және тұлғалық қасиеттерін тұрақты ілгерілету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Әрбір мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлық көріністеріне, мемлекеттік қызметке кір келтіретін бюрократияға, көзбояушылық формализмге, жұмыстың имитациялық сипатына және қызметтің жасанды декларативті элементтеріне жол бермей, жұмыс тәсілін өзгертіп, жаңаша серпінге қадам жасауы қажет деген талап қоюдамыз. Ол үшін мемлекеттік қызметші ең бастысы қоғам мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя алатын тұлғалық қасиетке ие болуға тиіс.
Мемлекеттік қызметшілерге тән жаңа мәдениет «ең алдымен адамдар» қағидатына негізделеді. Мемлекеттік қызметшілер осы қағиданы ескеріп жұмыс тәсілін өзгертетін болса жаңа мәдениет олардың бойынан көрініс табары анық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Дәйеккөз: «Egemen Qazaqstan» газеті
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -