На Аксуский и Коксуский сахарные заводы на сегодня принято 352 тыс. тонн сахарной свеклы
Биыл Жетісу облысында 13 700 гектарға қант қызылшасы егілсе, одан жалпы 615 мың тонна қызылша жиналады деп күтілуде. Қазіргі уақытта 8 600 гектардан 403 мың тонна жиналды, бұл жалпы себілген көлемнің 63 %. Бүгінгі күнге соның 352 мың тоннасы Ақсу және Көксу қант зауыттарына өткізілді. Бұл туралы бүгін Талдықорғанда Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен брифинг барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Брифинг барысында Н. Кененбаев журналистерге облыстағы қант қызылшасын жинау және өнімді зауыттарға өткізу мәселелеріне қатысты кеңінен баяндап берді. Оның айтуынша, бүгінгі күні 13 700 гектар қызылша алқабының қалған 5 100 гектарында тәтті түбір жинау жұмыстары қарқынды жүруде. Гектар өнімділігі биыл 472 центнерден айналып отыр. Бұл – жақсы көрсеткіш.
Облыстағы екі зауыттың қуаттылығы 700 мың тонна өнім өңдеуге жетеді. Бүгінгі күні бұл кәсіпорындарға облыс шаруашылықтарынан 352 мың тонна өткізілді. Екі зауыт та өңдеу жұмыстарын бастады.
- Бізде қант қызылшасының себілуінен бастап, жиналуына дейін барлық процес ойластырылған. Қызылшаны қазу жұмыстары жалпы 103 комбайнмен басталған. Оған қосымша өнімді жинап алуға бюджеттен қаражат бөлініп, 19 жапырақ жинағыш пен 20 комбайн сатып алынып, шаруаларға таратылды. Ендігі жерде зауытқа өнім өткізуге тұрған көлік кептелісін азайту мақсатында Көксу қант зауыты үшін әр ауданға лимит белгілеп, график жасадық. Көксу зауыты бүгінге дейін күніне 3 мың тонна қабылдаса, оны 4 мыңға дейін көтеру керек деп шештік. Қазір 13 700 гектар алқаптың қалған 5,1 мың гектарында жүріп жатқан қазу жұмыстарын қараша айының 20-сына дейін аяқтауға толық мүмкіндігіміз бар. Жалпы қант қызылшасын жинау мен өткізу мәселелері облыстық жедел штабтың тұрақты бақылауында, - деді Н. Кененбаев.
Брифингіде зауыттардың басшылары да кәсіпорындардың өнім қабылдау бағытындағы жұмыстарына тоқталды.
- Көксу зауытына осыған дейін күніне 150-160 машинаға дейін, яғни 3 мың тоннаға дейін қабылдадық. Қазір бүгінге дейін кагат алаңында жатқан 140 мың тонна өнімді өңдеуге кіргізіп жатырмыз, дегенмен алаңдар бірден босай қоймайды, орнын тазалау жұмыстары жүреді. Қазір қосымша жер дайындап жатырмыз, соған сәйкес ертеңнен бастап 4 мың тонна қабылдауға көшеміз, - деді Көксу қант зауытының директоры Алтынбек Абатов.
Сол сияқты Ақсу қант зауыты да өз режимінде жұмыс істеуде.
- Бүгінгі күні Ақсу зауытына 210 мың тонна қант қызылшасы кірді. Қазанның 22-сіне дейін күніне 300 машинадай қабылдағанбыз, қазір кагат алаңының толуына байланысты күніне 160-170 машина кіруде. 25 қарашадан бері Жамбыл облысынан қызылша қабылдау тоқтатылды. Қазір Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының шаруашылықтарынан қызылша қабылданып жатыр. 1 қарашадан кейін Талдықорған өңірінен өнім қабылдаймыз, - деді Ақсу қант зауытының директоры Самат Надирбаев.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -