«Наурыз-2024 ұлттық сыйлығы»: Мереке қарсаңында үздіктер марапатталды
Астанада Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұлттық құндылықтарды дамытуға үлес қосқандарға арналған республикалық «Наурыз-2024 ұлттық сыйлығының» марапаттау рәсімі өтті. Іс-шарада ұлттық құндылықтарды дамытуға үлес қосқандар марапатталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Биыл «Үздік ұлттық этно киім дизайнері», «Үздік ұлттық би ансамблі», «Үздік ұлттық тағам өндіруші», «Үздік этно фольклорлық ұжым», «Үздік тоғызқұмалақшы», «Үздік құсбегі», «Үздік ит баптаушы», «Үздік атбегі» және «Үздік ат спорты шебері» сынды тоғыз номинация бойынша жеңімпаздарға сыйлық табысталды.
Мысалы, «Үздік ұлттық этно киім дизайнері» номинациясы бойынша марапатталған Қайрулла Әбішов Димаш Құдайбергенге шапан тіккен. «Димаш Құдайбергеннің ақ, алтын түсті костюмдерін тіккенмін. Бұған дейін осы байқау туралы көп естідім. Биыл ұлттық дизайнерлердің қатарға қосылғанын естіп, қатты қуандым, - деді ол.
«Үздік ұлттық би ансамбі» номинациясы бойынша шымкенттік «Қазына» би ансамблі үздік деп танылды. «Біздің ұжым құрамында 14 қыз бен 10 ер бала бар. Республикалық және Халықаралық байқауларда жеңімпаз атанып жүрміз», - деді Зәуре Әшірбекова.
Ал Рамазан ақсақал ата-бабадан қалған дәстүр бойынша тазы баптап жүр. «Атам да, әкем де, нағашым да тазы баптаған. Мен соны жалғастырушымын. Жас кезімде 5 тазыны баптағанмын, қазір 2 тазым бар. Қазақтың осы тазысын әлем таныса деймін», - деді Рамазан Үсеев.
«Сандық» мейрамханасы ұлттық тағамдар дайындайтын мейрамханалар арасынан үздік деп танылды. «Біздің мейрамхана ел аузында жүрген соң, осындай номинациямен марапатталып отырмыз. Мейрамхана ерекшелігі – қазақ халқының дәстүрін дәріптеу», - деді мейрамхананың бас аспазы Манас Ысқақ.
Іс-шара өнер майталмандары мен белгілі шығармашылық ұжымдарының мерекелік кешімен аяқталды.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -