Новая врачебная амбулатория открылась в селе Черкасск
Сарқан ауданының Черкасск ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілді. Бұрын бейімделген ғимаратта отырған медицина мекемесі енді қажетті жағдайлары жасалған жаңа орында ауылдың 2 500-ге жуық халқына қызмет көрсетеді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Нысанның салтанатты ашылуына Черкасск ауылдық округінің әкімі Мақсат Айтжанов пен Сарқан аудандық орталық ауруханасы директорының орынбасары Біржан Уаханов қатысып, ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.
Сарқан аудандық әкімдігінің мәліметіне қарағанда, жаңа нысанның құрылысына 70 млн. теңге жұмсалған. Блокты-модульді құрылысты «ШеберМеталл» ЖШС 2023 жылдың қарашасында бастап, осы жылдың шілдесінде аумағы 240 шаршы метрлік жаңа амбулаторияны пайдалануға берді. Бұған дейін ауылдық дәрігерлік амбулатория мектептің бастауыш сыныбына арналған ескі тұрғынжайында, яғни санитарлық нормаға сай емес бейімделген ғимаратта отырған болатын.
Жалпы Черкасск ауылында 2448 адам тұрады. Жаңа ғимаратта халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуге барлық жағдай жасалған. Дәрігерлік амбулатория жалпы күніне 60 адамды қабылдауға қауқарлы. Сол сияқты 5 адамға лайықталған күндізгі стационар да қарастырылған. Мұнда 3 дәрігер, 9 орта буын қызметкер, 1 кіші буынды және 2 басқа да қызметкер жұмыс істейді. Ауыл тұрғындары үшін педиатриялық, терапевтік, акушерлік, стоматологиялық көмектер көрсетіледі. Ғимаратта дәрігерге дейінгі қаралу кабинеті, сау балалардың кабинеті, екпе, процедура, дезинфекция, зертхана бөлмелері, арнайы дәрігерлер кабинеттері бар. Сол сияқты қажетті құрал-жабдықтар, соның ішінде стерильді құралдарға арналған уфо камера, зертханалық талдауларға қажетті аппараттар толықтай орнатылған.
«Аурудың алдын алу, науқастың диагнозын дөп тауып, уақытында ем-шара қолданып, халықты дәрігерлік тексерістен өткізіп тұру - біздің басты міндетіміз. Мұнда тұрғындар аудандық емханаға бармай-ақ, анализ тапсырып, осы жерден қорытындысын ала алады. Жаңа заманғы технологияға сай жабдықталған амбулаторияда арнайы талдама кабинеті бар. Осындай қажетті мүмкіндіктер жасалған, материалдық-техникалық базасы бар жаңа ғимарат медициналық қызмет көресету сапасының артуына ықпал етеді деп сенеміз», - деді амбулатория меңгерушісі Сәлима Өтеулинова.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді Сарқан ауданының әкімдігі ұсынды.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -