Показатель меритократии-мера справедливости
Меритократия - бұл адамдардың лауазымы мен мәртебесі тікелей олардың қабілеті, білімі және жетістіктеріне негізделетін басқару немесе әлеуметтік жүйе болып табылады. Яғни, меритократия қағидаты жұмыс істейтін жүйеде ең алдымен білікті, дарынды, сол жүйеге еңбегі сіңген, құзыреті және кәсіби дағдылары ерекше дамыған адамдар бағаланады.
Мемлекеттік қызметшіні жеке еңбегі мен жетістіктерін тану, оның қабілеттері мен кәсіптік даярлығына сәйкес мемлекеттік қызмет бойынша ілгерілету - кәсіби мемлекеттік аппаратты құруға, сол арқылы елдің дамуына да септігін тигізері сөзсіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында еліміздегі мемлекеттік аппараттың жоғары кәсіби жұмысының маңыздылығын бірнеше мәрте атап өтіп, мемлекеттік қызметке кіру және одан шығу рәсімдерін жеңілдету, бюрократияға жол бермеу, меритократия қағидатын ілгерілетуге қатысты жаңа міндеттер қойған болатын.
Тиісінше, 2024 жылғы 17 шілдедегі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығына сәйкес, мемлекеттік қызметті дамыту қағидатының бірі – меритократия деп нақты көрсетті.
Жалпы, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметке білімді әрі қабілетті жастарды тарту, сондай-ақ, оларды қабілеттеріне және жетістіктеріне қарай меритократия жолымен тағайындау жүзеге асырылуда. Кеше ғана мемлекеттік қызметке алғаш қадам басқан жас қызметшілер өздерінің кәсіби қызметін төменгі лауазымнан бастап, тәжірибе жинақтау арқылы мемлекеттік қызмет баспалдағының барлық қадамдарынан өтуде.
Өз кезегінде, қызметін жетік меңгеріп, мемлекеттік қызметке деген сенімнің сақталуы мен нығаюына ұмтылып, өз міндеттері мен функцияларын заңға сәйкес адал ниетімен орындаған жас буынның меритократия арқылы мансап сатысымен көтерілетіні анық.
Бүгінгі күні еліміздің мемлекеттік басқару жүйесі меритократия қағидатына негізделген мемлекеттік қызметтің өзіндік үлгісін қалыптастыра алды.
Сонымен қатар, кәсіби мемлекеттік аппаратты құрудың тағы бір жолы – салалық тәжірибесі бар, лайықты, білікті мамандардың мемлекеттік қызмет табалдырығын аттау мүмкіндігіне ие болуы. Яғни, жеке және квазимемлекеттік секторларда салалық тәжірибесі бар азаматтарды меритократия қағидаты негізінде конкурс өткізілместен мемлекеттік қызметке тарту мүмкіндігі.
Мәселен, мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің үлгілік біліктілік талаптарына сәйкес, тиісті санаттағы нақты лауазымның функционалдық бағыттарына сәйкес келетін салаларда - ұйымдарда, оның ішінде орта, ірі кәсіпкерлік субъектілерінде, квазимемлекеттік секторларда қызмет атқарған тұлғалар жұмыс өтілі сәйкес келсе, мемлекеттік қызметтегі жоғары басшылық лауазымдарға конкурс өткізілместен орналаса алады.
Меритократия қағидатының іс жүзінде іске асырылуы мемлекеттік аппаратқа деген сенімділікті нығайтып, тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментімен мемлекеттік қызметшілердің жай-күйі туралы есептілігінің нәтижесіне сәйкес, меритократия қағидаты бойынша оларды тағайындаудың объективтілігіне тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі.
Қарағанды облысының жергілікті атқарушы органдарында 2024 жылы меритократия қағидаты бойынша 71 азамат, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімдерінде 72 азамат лауазымға ішкі конкурс арқылы өткен.
Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бір мемлекеттік органда 2 жыл жұмыс атқарып немесе қатарынан 4 тоқсан бойы «қызметтік міндеттерін тиімді орындайды» деген баға алған мемлекеттік қызметші меритократия қағидаттары негізінде біліктілік талаптарына сәйкес болған жағдайда, конкурстық рәсімдерді өткізбей-ақ жоғары лауазымға тағайындала алады. Мұндай әдіс кызметшіперді қосымша талпындырады деп айтуға болады.
Мәселен, аталған тәсілмен 2024 жылы Қарағанды облысының жергілікті атқарушы органдарында конкурссыз негізде 61 азамат жоғары лауазымдарға тағайындалса, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімдерінде 38 тұлға жаңа лауазымдарға орналасқан.
Бұл қағидат мемлекеттік қызметшінің жеке сіңірген еңбектері мен жетістіктерін мойындау, оны қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету қағидатына негізделіп, ашықтық, жариялылық және әділдік принциптерімен ұштастырылған.
Бәсекеге қабілетті ел - барлық салада бәсекеге қабілетті мамандардан құрылады. Меритократия тең мүмкіндіктің және әділдіктің арқасында мемлекеттік қызметте қызмет баспалдағы бойынша қабілетті, білікті маманның жоғарылауына ықпал жасайды. Осы орайда, меритократия қағидатын уақыт талабына сай нығайту арқылы қабілетті қызметкерлерді шыңдауға, олардың кәсіби деңгейін арттыруға болады.
Меритократия қағидатын қолдану мемлекеттің өркендеуіне бағытталса, мемлекеттік қызметте сол меритократия қағидатын нығайту мемлекеттік қызметшінің сіңірген еңбегін әділ бағалаудың мүмкіндігі болып табылады.
Мемлекеттік қызметке немесе жетекші лауазымдарға жету үшін адамның тегі, байлығы немесе таныстары емес, оның білімі, еңбекқорлығы, отаншылдығы және кәсіби жетістіктері шешуші рөл атқаруы тиіс.
Мұны тиісті шешім қабылдауға құқығы бар әрбір лауазымды тұлға білуі тиіс.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы
бойынша департаментінің
басшысы, Әдеп кеңесінің төрағасы
Ж.Сәрсен
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -