Президент тапсырмасы: Таразда инклюзивті спорт орталығының құрылысы басталды
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Тараз қаласында Инклюзивті спорт орталығының құрылысына капсула салу рәсімі өтті. Салтанатты жиынға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жобаның өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудағы маңызына тоқталды.
Өңір басшысы өз сөзінде жаңа нысанның құрылысы адамға деген құрметтің, тең мүмкіндік қағидатының және әлеуметтік жауапкершіліктің нақты көрінісі екенін атап өтті. Сондай-ақ облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтарды бұқаралық спортқа тарту, спорттық резервті даярлау және халықаралық аренада жоғары нәтижелерге қол жеткізу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында халықтың өмір сүру сапасын арттыруды, бұқаралық спортты дамытуды және ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін қолайлы орта қалыптастыруды мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді. Бүгін бастау алған Инклюзивті спорт орталығының құрылысы – осы стратегиялық міндеттердің нақты жүзеге асуының айқын дәлелі.
Спорт инфрақұрылымын дамыту – өңірдің тұрақты дамуының маңызды бағыты. Себебі дені сау ұлт – қуатты мемлекеттің негізі. Ал инклюзивті спорт әрбір азаматқа өзінің әлеуетін ашуға, қабілетін дамытуға және қоғам өміріне белсенді араласуға мүмкіндік береді.
Бүгін іргетасы қаланған орталық алдағы уақытта мыңдаған тұрғынға қызмет көрсетіп, жас спортшылардың алғашқы жеңістеріне жол ашатын, параспортшылардың жаңа белестерді бағындыруына мүмкіндік беретін маңызды спорт ордасына айналады деп сенеміз, – деді Ербол Қарашөкеев.
Жоба аясында халықтың барлық санатына, соның ішінде мүгедектігі бар азаматтар мен жүріп-тұруы шектеулі адамдарға арналған заманауи, қауіпсіз әрі қолжетімді көпфункционалды спорт кешені бой көтереді.
Орталық құрамында әмбебап спорт залы және көрермендерге арналған мінберлер, тренажер және емдік дене шынықтыру залдары, медициналық және психолог кабинеттері, әкімшілік және жаттықтырушылар кабинеттері, конференция залы, буфеті бар демалыс аймағы, күту және тіркеу аймағы бар кең вестибюль, киім ауыстыратын бөлмелер, душ және санитарлық тораптар, техникалық және қосалқы үй-жайлар қарастырылады.
Орталықтың жалпы аумағы 1,6 гектарды, ал ғимараттың жалпы ауданы 3 600 шаршы метрді құрайды. Нысан бір мезетте 300 келушіні қабылдай алады. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың ақпан айында аяқтау жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда Жамбыл облысында дене шынықтыру және спортпен айналысуға мүмкіндігі бар 19 278 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 4 383 адам немесе 22,7 пайызы спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Оның 1 481-і – жасөспірімдер.
Биыл өңірден 200 спортшы Қазақстан Республикасы ұлттық құрамаларының қатарына енді. Оның ішінде 148 спортшы – негізгі құрамда, 43 спортшы – жастар құрамасында, 9 спортшы – жасөспірімдер құрамасында.
Жамбыл облысының параспортшылары халықаралық жарыстарда да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Олардың қатарында Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем және Азия чемпиондары Зүлфия Ғабидуллина, Нұрдәулет Жұмағали, Ғабит Есжанов, Айдос Түгелбаев, Берік Нұрымов, Нұржан Асан, Диас Рысбек және басқа да халықаралық дәрежедегі спортшылар бар.
Салтанатты рәсім барысында BI Construction & Engineering компаниясының Оңтүстік дивизионының директоры Ілияс Рүстем мен Қазақстан Ұлттық Паралимпиада комитеті вице-президенті Зүлфия Ғабидуллина сөз сөйлеп, жаңа спорт орталығы ерекше қажеттілігі бар азаматтардың спортпен жүйелі айналысуына кең мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік жоба екенін атап өтті. Сондай-ақ олар бастамаға қолдау білдіріп, құрылыс жұмыстарының сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді.
– Бүгін ерекше қажеттілігі бар барлық спортшылар үшін айрықша әрі маңызды күн. Инклюзивті спорт орталығының құрылысының басталуы – көптен күткен қуанышты оқиға. Бұл орталық тек жаңа спорт нысаны ғана емес, мүмкіндігі әртүрлі азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мұнда олар заманауи жағдайда спортпен шұғылданып, жан-жақты дамып, өз күшіне деген сенімін нығайтып, биік мақсаттар қойып, жеңістерге жете алады.
Мемлекет басшысына инклюзивті спортты дамытуға көрсетіп отырған қолдауы және еліміздің барлық өңірінде мамандандырылған спорт орталықтарын салу жөніндегі бастаманы жүзеге асырып жатқаны үшін алғыс білдіремін, — деді Зүлфия Ғабидуллина.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -
























