Прошли праздничные мероприятия в честь 100-летия писателя Кемеля Токаева
Бүгін көрнекті жазушы, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін салушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы Жетісу облысы Қаратал ауданы Жаңаталап ауылында аталып өтілді. Ғасырлық мерейтой іс-шараларын ұйымдастырған Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры осы күні аудан тұрғындарына жаңадан тұрғызылған 50 орындық дәрігерлік амбулатория мен мал шаруашылығының заманауи кешенін сыйға тартты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алдымен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев жиналған қауымға игі тілегін білдіріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
«Баршаңызды көрнекті жазушы, Ұлы Отан соғысының жауынгері Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы аясында өткізіліп отырған бүгінгі іс-шараның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Кемел Тоқаев төл әдебиетімізде отандық детектив жанрының негізін қалаған қарымды қаламгер. Жазушы өз шығармаларында саяси және әлеуметтік мәселелерді тереңнен қозғады. Оның туындылары қазақ сөз өнерінің жаңа арнада жандануына ықпал етіп, әлі күнге дейін өзінің өзектілігі мен өміршеңдігін сақтап келеді. Көрнекті жазушы қаламгерлік пен қайраткерлікті ту етіп, ел рухын оятатын батыл бастамаларды көтерді. Өзінің азаматтық борышын абыроймен өтеді», - деп жазушының айнымас азаматтық ұстанымы мен ұлтжандылығын тілге тиек етіп, бұл іс-шараның әдебиетіміздің торқалы тойы, қаламгерлер қауымына көрсетілген зор құрмет екенін Президент құттықтау хатында ерекше атап өтті. «Осы игі шараға атсалысқан барша ағайынға, қадірлі қонақтар мен әдебиетсүйер қауымға терең ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі салтанатты іс-шараға жиналған барша азаматтарға зор денсаулық, толағай табыс, бақ-береке тілеймін», - делінген хатта.
Мұнан соң Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорының қорғаншылық кеңесінің төрайымы, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі Валентина Спиридонова қордың атқарған жұмысына қысқаша тоқталды. Оның айтуынша, 2010 жылы ашылған жазушының атындағы қайырымдылық қоры мұқтаж отбасыларына, дарынды балаларға, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, тыл еңбеккерлеріне қолдау көрсетіп келеді. Қордың жәрдемімен Үштөбедегі К.Тоқаев атындағы мектеп заманауи техникалық, спорттық және музыкалық құралдармен жабдықталды, балалар ойын алаңы, аллея салынды. Ұзақ жылдар бойы Кемел Тоқаев қоры шығармашылық дарынды балаларға қол ұшын созып, еліміздің және шетелдердің үздік жоғары оқу орындарында білім алуына мүмкіндік жасап келеді.
- Бүгінгі мерейтойлық шараға орай Қор «Кемел қаламгер» атты эссе, публицистика және проза жанрлары бойынша байқау ұйымдастырып, бүгін оның жеңімпаздарын марапаттаймыз. Сол сияқты Қордың қаржысына ауданда гуманитарлық колледж салынып, күні кеше пайдалануға берілді. Тұрғындардың өтінішіне орай 50 орындық дәрігерлік амбулатория тұрғызып, ішін қажетті медициналық құралдармен жабдықтап, халықтың игілігіне беріп отырмыз. Оған қоса мал шаруашылығы кешені салынып, оған 500 бас қазақтың ақбас сиыры әкелініп, қазір кешен іске қосылды. Ендігі кезекте шоколад цехын ашу қолға алынады. Той алдында ауданға арнайы ипподром салдық. Оған қоса бүгінгі мерейтойлық шаралардың барлығын Қор өз қаржысына өткізіп отыр. Мен қордың демеушілеріне, жазушының шығармашылығын ардақ тұтатын, әдебиетті құрметтейтін барлық азаматтарға алғыс айтамын, - деді В.Спиридонова.
Көпшілік қауымның алдында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған «Кемел Тоқаев. Тұлға. Қаламгер. Ардагер. Әке» атты кітаптың тұсауы кесіліп, бұл салтанатты рәсімді Қазақстан Жжазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов атқарды.
Жазушының рухына арнап Құран бағышталып, дұға жасалды. Үлкендер бата беріп, шараның шымылдығын түрді.
Үлкен сахнада мектеп оқушылары арасында өткен эссе жазу, студенттер мен ұстаздар арасындағы шығармашылық байқау, сол сияқты публицистика, проза жазудан өткен «Кемел қаламгер» байқауының қорытындылары жария етіліп, оза шыққандар сый-сияпатқа ие болды. Мәселен, оқушылар арасындағы байқау бойынша еліміздің Батыс, Шығыс, Солтүстік және Оңтүстік облыстарынан талапты балаларды молынан қамтып, төрт өңірдің әрқайсысына жеке-жеке үш жүлдеден тағайындалды. Бұл балалардың шығармашылыққа деген ынтасын арттырып, қанаттандыратын, әрі жүлделі орындармен оқушыларды көбірек қамту үшін жасалған ұйымдастырушылардың оңды шешімі болды. Мәселен, Абай облысынан Абылай Дидаров, Астана қаласынан Жамал Саттарова, Батыс Қазақстан облысынан Эльдар Тастембек, Талдықорған қаласынан Болат Айзере, басқа да жалпы саны 12 шығармашыл жас жүлделерге ие болды.
Прозада Бас жүлде Абай Аймағамбетке берілсе, бірінші орынға Самал Шаймерденова лайық деп танылды. Публицистикада «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Маржан Әбіш алдыңғы орыннан көрінсе, студенттер мен магистранттар, педагогтар арасында Үштөбе қаласының мұғалімі Нүрзия Рахметова оқ бойы озық шықты.
Осы күні қараталдықтарға Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаевадан бастап елімізге танымал көптеген эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.
Мерейтойдың көрігін қыздырған спорттық ойындар арнайы спорт алаңдарында өтіп, оған өңір тұрғындары белсене қатысты. Садақ ату, асық ату, қой көтеру, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерінен де жарыстар ұйымдастырылды. Жеңімпаздардың барлығына ақшалай сыйлықтар берілді.
Мерейтой аясында қазақша күрестен Әлем кубогы өткізіліп, онда Грузия, Молдова, Италия, Индия, Иран, Сербия, Индонезия, Филиппиндер, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты 20 елден келген 150-дей палуан өзара белдесіп, күш сынасты. Түс ауа ипподромда құнан бәйге, топ бәйге, жорға жарыс және аламан бәйге өтіп, бас жүлдеге бірнеше жеңіл автокөлік тігілді.
Жалпы мерейтойда 60-тан астам киіз үй тігілді.
Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорының мәліметінше, Қордың атқарып отырған жұмыстарының бәрі өңір тұрғындарының білімін шыңдауға, денсаулығын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Бүгінге дейін жазушы атын иеленген Үштөбедегі мектептің 60-тан астам оқушысы Қордың грантының қолдауымен жоғары оқу орындарында білім алды. Қазірдің өзінде 15 адам осындай грантпен еліміздің ЖОО-ларында оқиды. Үздік білімгерлер ай сайын стипендия алады. ҰБТ қорытындысы бойынша оқушылары жоғары нәтиже көрсеткен ұстаздарға да қордан ақшалай сыйақы беріледі.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -