Саладағы реформа – сапа кепілі
Дереккөз: "AIQYN" газеті
Мемлекеттік қызмет саласында кезекті реформа жүргізілмек. Өйткені салада қордаланған мәселелер бар екені анықталды.
Сондықтан Қазақстан Кеңес одағынан мұраға алып, отыз жылдан астам қолданған мансаптық өсудің сатылас-вертикаль моделінен бас тартып, деңгейлес-горизонталь немесе гибридті моделіне көшуі мүмкін.
Қазақстан шенеуніктер елі ме?
Кейде блогерлер, қоғам белсенділері, тіпті сарапшылар билікті мұқату үшін «Қазақстан – шенеуніктер елі!» деп бағалап жатады. Бұл қаншалықты шындық? 20,1 миллионнан астам тұрғыны бар республикада 240 адамға 1 шенеуніктен келеді екен. Бұл аз ба, көп пе? 340 миллиондай адам тұратын АҚШ-та штаттардыкін қоспағанда, тек федералдық шенеуніктердің саны 2 млн 713,2 мың (125 тұрғынға 1 шенеуніктен). Халқы 84,7 миллионға жеткен Германияда мемлекеттік қызмет секторында жұмыс істейтіндер саны – шамамен 5 миллион (әрбір 17 адамға бір шендіден). Азаматтарының саны 125 миллионға жуықтаған Жапонияда орталық және жергілікті мемлекеттік қызметшілер саны 3 миллион 330 мың (әрбір 37 азаматына шаққанда 1 шенеуніктен).
Яғни, Қазақстан бұл жөнінен бүкіл әлемде бәрінен озып кеткен жоқ, кейіндеп те қалмады, орташа деңгейде. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің дерегінше, 2024 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша елімізде мемлекеттік қызметшілердің 90 583 штаттық бірлігі бар. Соның ішінде басым көпшілігі немесе 89 830-ы – әкімшілік мемқызметші. Тек 753-і ғана – ірі бастықтар, яғни саяси қызметшілер.
Әйткенмен, министрліктерге, әкімдіктерге және басқа мемлекеттік органдарға бөлінген осы штаттың үлкен бір бөлігі бос тұр. Осыдан-ақ қазақстандықтардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығы төмен екенін байқауға болады. Салдарынан, 90 583 штаттық бірліктің – тек 83 009-ында адам отыр. Мұнда 89 830 әкімшілік мемқызметші бірлігінің 82 278-і ғана кадрмен толған. 753 ірі басшылық лауазымның 22-сінің креслосы бос тұр: 731 саяси мемқызметші қатарда қалды.
Кеткендердің бірі Ерлан (тегін жазыумызды қаламады) жиырма жылдай ғұмырын мемлекеттік қызметке арнады. Депутаттың көмекшісі болып істеді, кейін түрлі министрлікте, комитеттерде сарапшы және басқа қызметтерді атқарды.
«Мемлекеттік қызмет деген аса ауыр жұмыс. Тек өз шаруаңмен шектелсең дұрыс, Үкіметте, Парламентте, түрлі мекеме мен алаңда өтетін шет-шегі жоқ жиналыс-отырыста, әралуан іс-шарада ведомство атынан қара көрсетіп, өкіл болып отыруың керек. Бұл кезде негізгі жұмысың тоқтап тұрады. Оны не үйге аласың, не жұмыста түнге дейін орындайсың. Басшылық үйіне кетпейінше, ұжымның бір бөлігі тапсырма түседі деп тапжылмай отыруы керек. Мұндайға көбісі төзбейді. Талай тастап кетпек болдым, әйелім: «Шыдай тұр, бір-екі жылда қызметтік пәтерді кадастрлық бағасымен жекешелендіріп аламыз» деп өтінген соң көндім. Содан кейін дереу жеке секторға ауысып алдым», – дейді Ерлан.
Ол кез келген мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға ілігуі мүмкін екенін ескертті: «Сұратылған құжатты, айталық, қаулы жобасын, талдауды, басқасын тәптіштеп әзірлеп, мұқият қарап, тапсырасың. Жоғары сатыларда ол түрлі түзетуге ұшырап, танымастай өзгеріп жатады. Соны қабылдаудан теріс салдар туындаса, жоғарыдан жауаптыны жазалауға тапсырма түседі. О бастан оны мынау әзірлеген деп, сені жазалай салуы мүмкін. Меніңше, бәріне басшылар жауап бергені жөн. Олардың қаптаған орынбасары, кеңесшілері, көмекшілері, спичрайтерлері бар. Солардың бәрінің әзірлегенін тұжырып, ақырғы дайын нұсқасына қол қоятын да басшы ғой», – деп қамыға еске алады Ерлан.
Шағым мен жаза әділетті ме?
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі халықтан шенеуніктердің солақай шешімдеріне, сауатсыз құжаттарына, жауапсыз, қиянатты әрекеттеріне қатысты тек 2024 жылдың бірінші жартысында 2 110 шағым түскенін хабарлады. Соның 807-сін немесе шағымдардың жалпы санының 38,2%-ын агенттіктің өзі қарады. Тағы 849 арызды (40,2%-ын) ол құзыреттілігіне қарай өзге мемлекеттік органдарға жолдады. 94 арыз немесе 4,4%-ы қаралу үстінде. 360 шағым немесе 17%-ы қараусыз қалдырылды.
Арыз-шағымның басым көпшілігі жер қатынастары (56,5% немесе 705-і), сәулет және қала құрылысы (11,1% не 139), еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету (8,8% не 110) салаларында қызметтерді көрсету барысында мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне қатысты болған.
Шағымдар негізінде биылғы жартыжылдықта 212 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 128 қызмет алушының дәлелдері расталды. Солардың 98,4%-ының немесе 126 қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді.
Азаматтардың өтініштері негізінде өткізілген жоспардан тыс тексерулердің нәтижелері бойынша мемлекеттік органдар мен оларға бағынысты ұйымдардың 174 қызметкері тәртіптік жазаланды. 56 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 465-бабына («Рұқсат берудің тәртiбiн және мерзiмiн бұзу») сәйкес, 25-тен 30 АЕК-ке (2024 жылы – 110 760 теңгеге) дейін айыппұл салынған.
Бұл тек – азаматтардың шағымдары негізінде жазаланғандар. Білікті кадрлардың ұлттық компанияларға, жеке секторға кетуі, зейнеткерлік жасқа жетуі, өмірден өтуі, қалған мемлекеттік қызметшілерге шектен тыс жүктеме түсуі, білім-білігі нашар қызметшілерді алуы салдарынан мемлекеттік қызметте қателік пен бұзушылықтарға жол беру саны да арта бастаған көрінеді. Шағымдар сыртында, Агенттік және оның аумақтық департаменттері 2024 жылдың І жартысында 380 тексеру жүргізді: профилактикалық бақылауы – 117, жоспардан тыс тексерулері – 263. Соның аясында мемлекеттік қызмет саласында әшкереленген заңбұзушылықтарды жою бойынша 1 192 нұсқау мен ұсыным берілді. Жыл басынан бері оның 1 065-і – орындалды, 127-сі – орындалу үстінде.
Осы орайда тек биылғы 6 айда мемлекеттік қызметтерді көрсетуде 56 мыңнан астам (56 728) заңбұзушылық анықталған. Соның ішінде орталық мемлекеттік органдар және олардың ведомстваларында – 11 421, жергілікті әкімдіктерде – 45 307. Бұл орталық министрлік пен ведомстволарға қарағанда, жергілікті биліктегі білікті кадр тапшылығы әлдеқайда зор екенінен хабар береді.
Сонымен тағы да заң бұзу әшкереленген екен, айыптылар жазаланды ма? Қызмет беруші мекемелердің 884 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның 577-сі – әкімдік, 307-сі – орталық мемлекеттік органдардың қызметкері. Және 41% немесе 366 тұлға – басшылық құрамның өкілі! Сонда бұл қандай тәртіптік жаза? 518-і – «ескерту» алды. 275-іне – «сөгіс», 73-іне – «қатаң сөгіс», 13-іне – «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» жарияланды. Біреуінің лауазымы төмендетілген, 4-еуі атқаратын лауазымынан босатылған.
Мемлекеттік қызметшілерді ақшамен жазалау да кең етек алды: рұқсат мерзімдерін, беру тәртібін бұзғаны, сондай-ақ оларды беруден негізсіз бас тартқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 465-бабымен 259 лауазымды тұлғаға қатысты 486 әкімшілік хаттама толтырылды. Олардан мемлекет кірісіне айыппұл түрінде 24 млн 439,2 мың теңге өндірілген. Тек бір сұрақ қалады: олардың бәрі әділетті жазаланды ма, қарапайым еңбекқор нақақтан күйіп кетпеді ме? Бұл жерде өз ісіне немқұрайды, салғырт қарайтын, алдына келгенді сенделтетін, сорақысы сол, уысына пара қыстырмаса аттап баспайтын арамза шенділерді ақтау ниетіміз жоқ. Ондайлардың лайықты жазасын алғаны маңызды.
Реформа нені көздейді?
Жалғыз жазалаумен жағдай түзелмейді. Бұлай бара берсе, мемлекеттік қызмет жеріне жете деградацияланып, мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын сауатты басшы мен орындаушылар табылмай, мемлекет кері кетуі, ел дамуда кенже қалуы мүмкін. Бұған жол бермеу үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі салада ірі реформа әзірлеп жатыр. Оның кейбір жай-жапсары белгілі болды.
Мысалы, жаңа реформаның негізгі іс-шаралары, соның ішінде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасын әзірлеп, Мәжіліске енгізу келесі 2025 жылға жоспарланыпты.
Агенттіктің түсіндіруінше, бұған дейін мемқызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу мемлекеттік қызмет реформасының маңызды нәтижесі болды. Ол орталық пен өңірлер арасындағы лауазымдық жалақыдағы айырмашылықты едәуір қысқартуға және жалпы мемлекеттік аппараттың тартымдылығын арттыруға септесті.
– Алайда Қазақстанда бұрыннан қалыптасқан мансаптық өсудің сатылас-вертикаль моделі жағдайында қызметшілердің еңбекақысы олар жоғары тұрған лауазымдарға ие болған сайын ғана өседі. Онсыз елеулі өспейді. Салдарынан, сауалнамаға қатысқан қызметкерлердің жартысына жуығы кейінгі бір жылда қаржылық жағдайының тоқырағанын, стагнацияға ұшырағанын хабарлады. Сондай-ақ олардың әрбір төртіншісі жағдайының нашарлағанын мәлімдеді. Бұл білікті кадрлардың еңбек шарттары барынша тартымды жеке секторға жаппай кетуі қаупін күшейтеді, – деді агенттік сарапшылары.
Олардың айтуынша, білікті кадрларын қасында ұстап қалу үшін бастықтар қулыққа басады: ойдан басшылық және жоғары атқарушы лауазымдарды ойлап табады немесе олардың санын еш қажеттіліксіз, жасанды түрде арттырады. Бірақ мұндай қулықтың «құйрығы бір-ақ тұтам». Агенттіктің ұстанымынша, мұндай айла-тәсіл жауапкершілік пен жүктемені бөлуде теңгерімсіздікке соқтырады, бастапқы позициялар, яғни орындаушылар санын азайтады және мемлекеттік қызметке жас мамандардың келуі мүмкіндіктерін шектейді.
Мысалы, сауалнамаға қатысқан мемлекеттік қызметшінің әрбір бесіншісі үстінен қарайтын басшылардың тым көптігіне, әр жақтан тапсырма жүктеп, бас қатыратынына шағымданып, бастықтардың санын азайтуды сұрапты. Сондықтан мемлекеттік органдардың құрылымын оңтайландыру мақсатында агенттіктің 2023 жылғы 29 тамыздағы бұйрығымен, Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің басшы және атқарушы құрамының арақатынасын айқындау қағидалары бекітілді. Оны жүзеге асыру аясында мемқызметшілердің 250-ден астам басшылық лауазымы жойылып, олар атқарушы лауазым ретінде қайта құрылды.
Агенттік бірыңғай автоматтандырылған деректер базасы көмегімен, мемлекеттік органдардың осы тұрғыдағы іс-әрекетіне әрі қарай мониторинг жүргізеді. Өйткені басшылық лауазым білікті қызметкерді ұстап қалу үшін ғана емес, сондай-ақ беделді бір тұлғаның баласына, туысына жоғары лауазым тауып беру үшін де құрылуы ықтимал.
Басшылар қолданыстағы жүйенің шектеулерін айналып өтетін заңсыз схемаларды одан әрі іздемеуі үшін Мемлекеттік қызмет істері ведомствосы Қазақстанда қалыптасқан мансаптық өсудің сатылас-вертикаль моделінен дамыған елдердегідей, деңгейлес-горизонталь немесе гибридті моделіне көшуді ұсынады. Саладағы реформаның басты бір ұстыны да осы. Ол модель бірдей қызметті атқаратын мамандардың жалақысының әртүрлі болуына, кәсібилігіне, біліктілігіне, жетістіктеріне қарай өсіріп отыруға мүмкіндік береді екен.
«Мемлекеттік қызметті кәсібилендірудің маңызды факторы – мансаптық сатыда жоғарыға ғана емес, сондай-ақ сатылас және деңгейлес өсу мүмкіндігін ұсынатын аралас-комбинирленген тәсіл. Мысалы, Германия, Канада, Бельгия, Ұлыбритания мен Оңтүстік Кореяда мемлекеттік қызметшілер өз позициясында отырып-ақ жалақысының өсуіне қол жеткізе алады, бұл мақсатта оның функциялары мен міндеттері біртіндеп күрделендіріледі. Сингапурдың құзыреттерді базалық, функционалдық және көшбасшылық деп бөлуді көздейтін тәжірибесі назар аударуға тұрарлық», – деп хабарлады агенттік.
Реформа аясында қолданыстағы «персоналды функционалдық блоктарға – салалық және жәрдемдесуші персонал деп бөлетін еңбекақы төлеу жүйесі» де тарих еншісіне тасталуы мүмкін. Себебі Үкімет бұл жүйе қызметшілердің ынталандырылуына ықпал етпейді деп санайды: онда қызметкерлер жәрдемдесуші-жанама бөлімшелерден салалық бөлімшелерге мансаптық ілгерілей алмайды. Лауазымдарды блоктарға бөлу басшылардың қалауына қарай жүргізіледі, бұл қалыптасқан жағдайды одан сайын нашарлатады.
Қалай болғанда, мемлекеттік қызмет саласындағы реформаның сұлба, бағыты түсінікті болғанымен, мазмұны-контенті біраз пысықталып, эксперттердің талқысынан өтпек. Қазақстанның мемлекеттік қызметі мен шенеуніктері қандай болатыны да осы реформаның сапасы мен толыққанды іске асырылуына байланысты болады.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -