СЕМИНАРДА АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ ЖАҢА ӘДІСТЕРІ ОРТАҒА САЛЫНДЫ
Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен және «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен Мақат ауданында ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелеріне арналған «АТТ жұмысында діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алу әдіс-тәсілдері» тақырыбында семинар өткізілді. Семинарға 20 адам қатысып, арнайы сертификаттар табысталды.
Іс-шараның басты мақсаты – аймақтағы АТТ мүшелерінің білімін жетілдіру, діни сипаттағы қауіп-қатерлерге қарсы ақпараттық құралдар мен тәжірибені кеңейту.
Семинар барысында «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының директоры Артур Айтмағамбетов ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысын жүйелеу мен қоғамдағы діни қауіптердің алдын алудағы үйлесімді әдістер жайында ой қозғады. Ол әсіресе жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде тіл табысу мен аудиторияны дұрыс таңдаудың маңыздылығына тоқталды.
АТТ мүшесі, “Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы” ҚҚ-ның басшысы Ербол Жаулин өзінің баяндамасында әлеуметтік желі платформаларын креативті контентпен толықтырып, жастармен интерактивті байланыс орнатудың маңызын айтты. Оның пікірінше, діни радикализмге қарсы күресте медиалық сауаттылық пен технологиялық бейімделу басты құралға айналуы тиіс.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің педагогика және психология кафедрасының аға оқытушысы, педагогика және психология ғылымдарының магистрі Нұргүл Қарабаева семинарда «Аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу» тақырыбында баяндама жасады. Ол жастар арасындағы күйзеліс, әлеуметтік оқшаулану және өзін-өзі зақымдау секілді жағдайлардың түп-төркінін түсіндіре отырып, осындай мінез-құлыққа итермелейтін факторларды ерте кезеңде анықтап, психологиялық көмек көрсету тетіктерімен таныстырды.
«Шапағат» деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталығының теологы, облыстық АТТ мүшесі Думан Күмісбек діни ағымдардың идеологиялық әдістеріне тоқталып, олардың қоғамда қалай әсер ететінін мысалдар арқылы көрсетті. Ол дәстүрлі діни құндылықтарды қоғам арасында кеңінен түсіндірудің нақты жолдарын ұсынды.
«Жәрдем-Атырау» корпоративтік қоры директорының орынбасары Мейірбек Құбышев АТТ аясында жүзеге асқан нақты жобалар мен аудандардағы ерекшеліктерге тоқталып, тәжірибе жүзінде кездескен мәселелермен бөлісті. Ол ақпараттық жұмыстың жергілікті ерекшеліктерді ескеріп жүргізілуінің маңызын ерекше атап өтті.
Семинар барысында «Ақпараттық-талдау орталығы» КММ маманы Исатай Ғизатов қатысушыларға діни саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидалары мен заңнамалық ережелер туралы жан-жақты ақпарат беріп, құқықтық аспектілерді нақты мысалдармен түсіндірді.
Материал Атырау облысының ТҚК мәліметі негізінде дайындалды
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -