ТҮРКІСТАН: БАЛАЛАРДЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Балалардың жазғы сауықтыру кезеңі - қауіпсіз әрі қызықты болуы керек. Бұл жағдай Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың бақылауында. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың төрағалығымен балалардың жазғы сауықтыру демалысын ұйымдастыру және лагерьлердің жұмысын үйлестіру мәселелері бойынша мәжіліс өтті.
Жиынға Полиция департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті, Санитариялық-эпидемиялық бақылау департамент басшылары, басқарма басшылары мен аудан/қала әкімдерінің орынбасарлары, білім бөлімінің басшылары қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов баяндама жасап, өңірдегі жазғы сауықтыру науқанының барысы туралы жан-жақты ақпарат берді. Оның айтуынша, биыл облыстағы 1–10 сыныптарда білім алатын 496 747 оқушының 475 838-ін немесе 95,7 пайызын жазғы демалыспен қамту жоспарланған.
Жазғы демалыс үш негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, 25 қала сыртындағы сауықтыру лагерінде балалардың демалысы қамтамасыз етіледі. Оның ішінде 10-ы – мемлекеттік, 15-і – жекеменшік лагерь. Сонымен қатар, мектеп жанындағы лагерьлердің жұмысы жолға қойылып, еңбек, шығармашылық, спорттық және туристік бағыттағы іс-шаралар кеңінен ұйымдастырылады. Сондай-ақ әлеуметтік осал топтағы және ерекше бақылаудағы балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыруға ерекше назар аударылған.
Мәжілісте лагерьлердің материалдық-техникалық базасын нығайту, инфрақұрылымды жақсарту, санитарлық талаптар мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау мәселелері де қаралды. Жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Жиын қорытындысында Еркебұлан Дауылбаев жазғы сауықтыру науқанының жоғары деңгейде ұйымдастырылуы, балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау, тәрбиелік және танымдық жұмыстардың сапасын арттыру – барлық жауапты мекемелердің басты міндеті екенін атап өтті. Осы бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -












