ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ДОТАЦИЯЛЫҚ АЙМАҚТАР ҚАТАРЫНАН ШЫҒУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАРДЫ КҮШЕЙТЕ ТҮСТІ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен кезекті Инвестициялық штаб отырысы өтті. Жиында өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы талқыланып, 2026 жылы қолға алынатын жобалар мен шетелдік инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар сараланды. Облыс әкімі жобаларды кешіктірген аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтып, жұмысты күшейтуді тапсырды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы уақытқа дейін инвестиция тарту бағытында жұмыстар жүргізілді. Бірақ мұнымен тоқтамай, керісінше, жұмыс қарқынын арттыруымыз керек. Өкінішке қарай, кейбір аудан, қала әкімдіктерінде жұмыс өз деңгейінде емес. Әр басшының өзіндік жұмыс жоспары, бағдарламасы болады. Менің басты бағытым – өндіріс орындарын ашу, жұмыс орындарын көбейту, терең өңдеу саласын дамыту және облысымызды дотациялық аймақтар қатарынан шығару. Әрине, бұл бір күнде, бес жылда шешілетін нәрсе емес. Бірақ жүйелі жұмысты жалғастыру қажет. Мысалы 2023 жылы облыстың өзіндік пайызы 10 пайыздан асатын болса, қазіргі таңда 20 пайызға жетіп отыр. 10 жылда Түркістан облысын өзін-өзі толық қамтитын өңірге айналдыруға толық мүмкіндігіміз бар. Біз облыс экономикасын көтеру үшін терең өңдеуге басымдық беруіміз керек. Әр ауданның мүмкіндігі сараланып, сараптама нәтижелері сіздерге жіберілді. Сол бағытта нақты жоспар жасап, бір ай көлемінде ұсыныңыздар. Өндірістік парктерді дамытып, жаңа кәсіпорын ашу бағытындағы жұмысты күшейтіңіздер. Халыққа керегі де – осы, – деген Нұралхан Көшеров аталған бағытта жұмысты жоғары деңгейде атқара алмаған аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына тиісті шара көрілетінін жеткізді.
Мәжілісте Сайрам ауданында жүзеге асырылып жатқан «Қайып ата» компаниялар тобының инвестициялық жобалары қаралды. Атап айтқанда, етті терең өңдеу комбинаты, түйіршіктелген құрама жем өндіретін зауыт, сүрлемдер мен астық қоймалары, ауыл шаруашылығы жабдықтарын өндіретін өндіріс, мал биржасы, сондай-ақ Арыс қаласында 35 мың басқа арналған бордақылау кешені және жаңбырлатып суару технологиясы арқылы мал азығын өсіру жобаларының орындалу барысы баяндалды.
Сонымен қатар Түлкібас ауданында салынып жатқан «Майлыкент Ферм» тауарлы сүт фермасының, Жетісай ауданындағы «Агросут» сүт өңдеу зауытының, Қазығұрт ауданындағы «Қарқын-2030» серіктестігінің 5 мың басқа арналған бордақылау алаңының және «Түлкібас құс фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тік интеграцияланған бройлер құс фабрикасы құрылысының қазіргі жағдайы талқыланды. Сонымен бірге Мақтаарал және Келес аудандарының әкімдері 2026 жылы іске асырылатын инвестициялық жобалар мен шетелдік капиталдың қатысуымен инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді.
Жиын қорытындысында облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан әкімдеріне инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде іске асыруды, инвесторлармен тұрақты кері байланысты қамтамасыз етуді және өндірістерді іске қосу арқылы тұрақты жұмыс орындарын көбейтуді тапсырды. Өңірде өндірістік парктерді дамыту, ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге бағытталған жобаларды қолдау жұмыстары жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -


















