ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ 50 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫНДЫ ТӘУЛІК БОЙЫ САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛЕДІ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өңірдегі елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету және су инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне арналған мәжіліс өтті. Мәжілісте ауыз су жүйелерінің қазіргі ахуалы, іске асырылып жатқан жобалардың орындалу барысы, туындаған мәселелер мен оларды шешу жолдары жан-жақты қаралды.
Жиынға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, «Қазсушар» РМК «Оңтүстікауызсу» филиалының, табиғи монополия субъектілерінің және жауапты мекемелердің басшылары қатысып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады.
Бүгінде Түркістан облысындағы 801 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Оның ішінде 7 қала мен 794 ауылдық елді мекеннің тұрғындары ауыз су инфрақұрылымына қол жеткізген. Түйткілдер де бар. Ауыз су саласындағы мәселелерді түбегейлі шешу үшін 2026-2028 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, биыл Арыс, Сауран, Мақтаарал, Шардара және Қазығұрт аудандарындағы 10 елді мекенде тұратын 45,7 мың тұрғын тәулік бойы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Ал қалған елді мекендердегі мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп, қажетті жобалар қаржыландыруға ұсынылады. Биыл жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 36 ауыз су нысанының құрылысына 15,6 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде жыл соңына дейін 10 нысан пайдалануға беріледі. Нәтижесінде тозығы жеткен 7 елді мекендегі су құбырлары толық жаңартылып, тағы 7 елді мекеннің 32,7 мың тұрғыны тәулік бойы ауыз сумен қамтылады. Қалған 26 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі.
Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен жүргізіліп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстары да қарқынды жалғасуда. Биыл бұл мақсатқа 2,7 млрд теңге бөлініп, 27 нысанда жұмыс қолға алынған. Жыл соңына дейін 21 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары жаңартылады.
Өңірде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы жұмыстар да жалғасуда. 2025-2029 жылдары ауыз су және су бұру жүйелерін жаңғыртуға 42,9 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде ауыз су желілеріне 34,5 млрд теңге бағытталып, 511 шақырым су құбыры жаңартылады. Нәтижесінде 2029 жылға қарай ауыз су желілерінің тозу деңгейі 34,7 пайыздан 28,7 пайызға дейін төмендейді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету өңірдің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Облыс басшысы аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына су кестесімен берілетін елді мекендердің мәселесін созбалаңға салмай шешуді, құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасын күшейтуді, қаржының тиімді әрі уақытылы игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар «МЭКС» электрондық платформасын енгізу, есептегіш жүйелерін цифрландыру, су шаруашылығы нысандарын күтіп-ұстау жұмыстарын жүйелеп, халықты тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жеделдетуді міндеттеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -














