ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНВЕСТОРЛАР БИОГАЗ ЗАУЫТЫН АШУҒА НИЕТТІ
Түркістан облысында жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. «Sairam biogas and fertilizers factory» ЖШС өңірде интеграцияланған тыңайтқыштар өндірісін қолға алып, биогаз зауытын іске қосуға ниет білдірді. Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек компанияның бас директоры Алмаз Туленовпен кездесіп, жобаны іске асыру мүмкіндіктерін жан-жақты талқылады.
Қанат Қайыпбек өңірде инвестициялық жобаларды қолдауға ерекше мән берілетінін атап өтті. Бұл жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, экологиялық таза энергия өндірісін дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін айтып, тиімді жобаларға қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Кездесу барысында инвесторлар жобаның негізгі бағыттары мен оны жүзеге асыру кезеңдерін таныстырды. Сонымен қатар жобаны инженерлік инфрақұрылыммен қамту мәселелерін көтерді. Компания аталған жобаға 25 млрд теңге көлемінде инвестиция салуға дайын екенін жеткізді.
Жобаны Түркістан облысы Сайрам ауданы Манкент ауылдық округінде іске асыру жоспарланған. Кәсіпорынның жалпы аумағы 17,29 гектарды құрайды. Жоба аясында 100 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Өндіріс орны жылына 4,95 мВТ электр энергиясын өндіруді жоспарлап отыр. Жобаны 2027-2029 жылдар аралығында кезең-кезеңімен іске асыру көзделген.
Бүгінде инвестициялық жоба Бірыңғай индустрияландыру картасына енгізілген.
Кездесу қорытындысында тараптар жобаны тиімді іске асыру бағытында өзара ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -










