ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МҰНАЙ ӨНІМДЕРІ НАРЫҒЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Түркістан облысында мұнай өнімдерінің бағасын тұрақтандыру, жанар-жағармай тапшылығының алдын алу және мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдауға жол бермеу мәселелері бойынша арнайы мәжіліс өтті.
Аталған мәжіліс облыс әкімінің орынбасары Қанат Әбдіразақұлы Қайыпбектің төрағалығымен және облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді.
Мәжіліске Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыстық департаменті, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті, Полиция департаменті, Көліктік бақылау инспекциясы, Төтенше жағдайлар департаменті және өзге де жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Қазіргі таңда облыс аумағында 403 автожанармай құю станциясы халыққа қызмет көрсетуде. Осыған байланысты жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз ету және баға тұрақтылығын сақтау мәселелері ерекше бақылауға алынды.
Кездесу барысында өңірдегі жанар-жағармай қорларының жағдайы, мұнай өнімдерінің бағасын тұрақтандыру шаралары, заңсыз тасымалдау фактілерінің алдын алу және бақылауды күшейту мәселелері жан-жақты қаралды.
Мәжіліс қорытындысы бойынша аудан және қала әкімдіктеріне жанар-жағармай нарығына күнделікті мониторинг жүргізіп, нәтижелерін тұрақты түрде Кәсіпкерлік және сауда басқармасына ұсыну тапсырылды. Сонымен қатар, шекаралас аудандарда мұнай өнімдерінің шетелге заңсыз шығарылуына жол бермеу бағытында нақты міндеттер жүктелді.
Заңсыз тасымалдау фактілерінің алдын алу мақсатында облыстық Полиция департаменті мен Мемлекеттік кірістер департаментіне бақылау жұмыстарын күшейту, ал жанар-жағармай тасымалдайтын көлік құралдарына қатысты арнайы тексеру іс-шараларын ұйымдастыру ұсынылды.
Сондай-ақ, кәсіпкерлік және сауда басқармасы өңірдегі баға тұрақтылығын сақтау және заңсыз тасымалдың жолын кесу мақсатында барлық мүдделі мемлекеттік органдардан құралған арнайы жұмыс тобымен бірлесіп, облыс аумағында рейдтік іс-шаралар өткізуді ұсынды.
Жауапты мекемелер өңірдегі жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, тұрғындар мен кәсіпкерлерді сапалы әрі жеткілікті көлемде мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды
жалғастыратын болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -










