ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТА 50 ГЕКТАР БИДАЙ АЛҚАБЫНДА АСТЫҚ ЖИНАУ НАУҚАНЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Түлкібас ауданы – ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған өңірлердің бірі. Ауданның жалпы жер көлемі 227,5 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 64 900 гектары – айдалмалы егістік жер. Биыл аудан бойынша 14280 гектарға күздік бидай, 1400 гектарға жаздық бидай, 6800 гектарға арпа, 10900 гектарға мақсары, 1 500 гектарға көкөніс, 1200 гектарға картоп және 28500 гектарға жоңышқа орналастырылды.
Қазіргі таңда ауданда арпа ору науқаны толық аяқталып, бидай орағы қарқынды жалғасуда. Бүгінде бидай алқаптарының шамамен 70 пайызы орылып, диқандар өнімді ысырапсыз жинауға күш салуда. Табиғи-климаттық ерекшеліктерге байланысты Түлкібас ауданында егін орағы облыстың оңтүстік аудандарына қарағанда біршама кеш басталғанымен, науқан жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді.
Осы тұста аудан әкімі Асқар Естібаев Састөбе кентіне жұмыс сапары барысында өңірдегі егін орағының барысымен танысу мақсатында «ОЕ» ЖШС-не арнайы барды.
Қазіргі таңда шаруашылықтың 50 гектар бидай алқабында орақ жұмыстары қызу жүргізілуде. Егін жинау науқанына үш заманауи комбайн жұмылдырылған. Шаруашылықтың техника паркі толықтай өз қаражаты есебінен жасақталған. Пайдаланылып жатқан жоғары өнімді комбайндар Канадада өндіріліп, Ресей арқылы сатып алынған.
«ОЕ» ЖШС-де биылғы бидай орағы 20 шілдеде басталған. Жұмыстар белгіленген кестеге сай атқарылып жатыр. Шаруашылық жыл сайын әр гектардан орта есеппен 15–16 центнер өнім алады. Жиналған астықтың негізгі бөлігі өңірдегі диірмендерге өткізілсе, бір бөлігі келесі жылғы егіс жұмыстарына тұқым ретінде сақталады.
Сапар барысында аудан басшысы шаруашылықтың жұмыс қарқынымен танысып, диқандардың еңбегіне оң бағасын берді. Сонымен қатар егін орағын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығына тоқталып, жауапты сала мамандары мен шаруашылық басшыларына науқанды жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -









