Талдықорғанда Нұрмолда Алдабергеновке ескерткіш қойылды
Бүгін Талдықорған қаласында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, соғыс ардагері Нұрмолда Алдабергеновтің ескерткіш бюсті ашылды. Бюст қаланың 6-шы шағын ауданында орналасып, маңайы сквер ретінде абаттандырылды. Республика күні қарсаңында өткен шараның тәрбиелік мәні зор болды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алдымен ескерткіштің шымылдығы түріліп, бюст алдына гүл шоқтары қойылды. Жиналған көпшілікті қуанышты оқиғамен құттықтаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев бүгінгі қоғамда еңбек құндылығын арттырудың маңызына тоқталды.
- Нұрмолда Алдабергеновтің есімін Жетісу өңірінде, тіпті тұтас Қазақстанда білмейтін жан кемде кем. Ол – дүниенің кілті, барша игіліктің бастауы адал еңбекте екенін өзінің өнегелі өмірімен дәлелдеген нар тұлғалардың бірі. Өз кезеңінде колхоз ұйымдастырып, ауылдастарын еңбекке жұмылдырып, нәтижеге жұмыс істеудің тамаша үлгісін көрсетті. Жетісу жерінде Нұрмолда Алдабергенов ескерткішінің бой көтеруі тарихқа тағзым, еңбек адамына жасалған құрмет, туған жерге адал қызмет етудің үлгісін насихаттау деп білеміз. Еңбек – қоғамды бойкүйездік, енжарлық, еріншектік, бос мақтан секілді жағымсыз әдеттен арылтатын, жастар тәрбиесінің қайнар көзі болған құндылық. Сондықтан бүгінгідей шаралардың мән-маңызы зор, - деді Б.Исабаев.
Мұнан соң Социалистік Еңбек Ерінің қызы Раушан Алдабергенова да тілегін білдірді:
- Бүгін облыс орталығында әкеме арнап ескерткіш орнатылып жатқанына қуаныштымын. Нұрмолда Алдабергенов – менің ғана әкем емес, барша халықтың әкесі бола білген десем артық айтқандық емес. Ең алғаш 1960 жылы көзінің тірісінде Шұбар ауылында ескерткіш қойылды. Мұнан соң 1973 жылы орнатылды, енді 50 жылдан соң Талдықорғанда қойылып отыр. Бүгін әкемнің еңбегін ұмытпай, рухын жаңғыртып, қола мүсінін орнатқан бастамашы қауымға рахмет айтамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, Алдабергеновтей елдің, жердің атын шығаратын ер азамат, жас ұрпақ өсе берсін, - деді Р. Нұрмолдақызы.
Жиналған жұртшылық ескерткіштің қос қапталына қойылған көрмемен танысты. Онда Нұрмолда Алдабергеновтің тұтынған жеке заттары, Еңбек Ері туралы жазылған кітаптар, қайраткердің өмірі мен еңбегі жайлы ақпараттық банерлер көпшілік назарына ұсынылды.
«Жетісу сазы» ансамблі қазақтың күйлерін төгілтіп, әншілер рухты әндерімен мерекенің шырайын кіргізді.
Атап өтсек, ескерткіш бюстінің авторлары – сәулетші Қаби Баулықов пен мүсінші Нұрғалым Исабаев. Ескерткіштің биіктігі – 1,4 метр, тұғырының биіктігі – 2,9 метр. Бюсті қоладан құйылып, тұғыры граниттен қойылған.
Ескерткіштің маңайын абаттандыруға жергілікті бюджеттен 115 млн. теңге бөлініп, свер жасалды. Мұнда 80-дей жапырақты және қылқан жапырақты ағаштар отырғызылып, 16 орындық қойылған. Газон төселіп, 42 жарық шамы орнатылған. Автосуару жүйесі жұмыс істейді.
Еске салсақ, Нұрмолда Алдабергенов, Кербұлақ ауданында туған. Қазақстанда колхоз ұйымдастыру ісіне белсене қатысқан, колхозды басқарған. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері (1948, 1958). Ұлы Отан соғысына қатысқан, қоғам қайраткері. Даңқты еңбек адамы туралы Сәбит Мұқанов «Алдабергенов туралы аңыз» атты поэма жазған, жазушылар Сәуірбек Бақбергенов, Ұзақбай Доспанбетов, Құттыбек Баяндин деректі кітаптар жазған. Қазір Ескелді ауданындағы Шұбар ауылына Алдабергеновтің есімі берілді. Ауылда сол елді мекеннен шыққан 20 Социалистік Еңбек Еріне қоладан ескерткіштері қойылған свер бар, свердің ортасында 21-ші ескерткіш – Нұрмолда Алдабергеновтің мүсіні тұр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттер авторы: Жеңіс Ысқабай
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -