«Заң мен тәртіпті баладан емес, өзімізден бастауымыз керек»: Астанада бала қауіпсіздігі талқыланды
Астанада ата-ана мен балабақша арасындағы серіктестік және бала қауіпсіздігі мәселелері талқыланды. №38 «Шаттық» балабақшасында өткен диалогтық алаңда қатысушылар бала құқықтарын қорғау, қауіптің алдын алу және отбасындағы жауапкершілікті арттыру жолдарын ортаға салды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы және алдағы Отбасы күніне орай ұйымдастырылды. «Бүгінгі іс-шара отбасы мен мектепке дейінгі ұйым арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған. Балаға тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыру, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ата-ана мен педагог бір бағытта жұмыс істеуі керек. Бүгінгі кездесуге Алматы ауданы прокуратурасының өкілдері, әдіскерлер, спикерлер, қосымша білім беру орталығының мамандары және ата-аналар қатысты», – деді Астана қаласы әкімдігінің Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Айжамал Исабекова.
Диалогтық алаң барысында «Заң мен тәртіп: қауіпсіз балалық шақтың негізі», «Баланың қауіпсіз ортасын қалыптастырудағы балабақшаның рөлі» тақырыптарында баяндамалар жасалды.«Заң мен тәртіпті» тек құқықбұзушылық пен жауапкершілік тұрғысынан қабылдамауымыз керек. Ол ең алдымен отбасынан, күнделікті тәртіптен, баланың қауіпсіздігіне деген жауапкершіліктен басталады. Ашық терезелер, дәрі-дәрмектер, электр құралдары, ыстық су, өткір заттар, жол қозғалысы, ойын алаңдары мен су айдындары – күнделікті өмірде кездесетін қарапайым нәрселер болғанымен, балалар үшін қауіп көзі болуы мүмкін. Сол себепті бала қауіпсіздігі мәселесінде қайғылы жағдайдың салдарымен күрескеннен гөрі, оның алдын алу маңызды. Жалпы, Алматы ауданы бойынша 9 ай ішінде, өкінішке қарай, бір қайғылы жағдай тіркелді. Алты жасар бала 7-қабаттан құлап, ауруханада көз жұмды. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидатын баладан емес, өзімізден бастағанымыз дұрыс», – деді Алматы ауданы прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры Ботагөз Секенова.
Іс-шара соңында қатысушылар бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен отбасылық жауапкершілікті арттыру бойынша пікір алмасып, «Бір пікір – бір шешім» қағидаты негізінде қорытынды жасады.
#законипорядок #заңментәртіп
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -































