ЖАСТАР ФОРУМЫНДА ДІН АЯСЫНДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жылыой ауданында жастар форумы өткізілді. «Жастар – діни экстремизмге қарсы» деген атаумен Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен, “Жәрдем -Атырау” КҚ-ның ұйымдастыруымен өткен бұл шара – ел ертеңін сеніп тапсыратын жас буынның рухани қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадамдардың бірі болды. Форумға ауданның белсенді жастары, студенттер, еріктілер мен қоғам белсенділері жиналып, барлығы 150-ге жуық адам қамтылды.
Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мусаев жастармен кездесуде дін мен дәстүрдің сабақтастығын ерекше атап өтті. Ол жастардың діни білімсіздігі түрлі жалған ағымдарға еріп кету қаупін арттыратынын айтып, бұл мәселені тек мемлекет немесе мешіт ғана емес, бүкіл қоғам болып шешу керектігін баса айтты.
«Шапағат» ҚҚ-ның теолог маманы Думан Күмісбек өз сөзінде деструктивті діни ағымдардың қалай пайда болатынын, олар қандай белгілер арқылы танылатынын және ең бастысы – оларға қарсы тұру жолдарын нақты мысалдармен жеткізді.
Ал Психология ғылымдарының PhD докторы, қауымдастырылған профессор Қарас Қазиев жастармен сенімді байланыс орнату мәселесіне тоқталды. Ол жастарға ақыл айту емес, олармен тең дәрежеде диалог құру – психологиялық көмектің басты шарты екенін айтты. «Бүгінгі буын бізге емес, біз оларға бейімделуіміз керек. Сонда ғана біз шынайы қарым-қатынас орнатып, оларды қауіптен қорғай аламыз», – деді ол.
Сондай-ақ форумға қатысқан «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының басшысы Артур Айтмағамбетов, орынбасары Мейірбек Құбышев және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ҚҚ басшысы Ербол Жаулин өз көзқарастарын ортаға салып, пікірлерін білдірді.
Жылыойда өткен бұл форум – жастардың дін мәселесіне бейжай қарамайтынын, өз болашағына жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті. Спикерлер мен жастар ашық сұхбат құрып, қоғамдағы, әлеуметтік желідегі белең алған дінді соғыспен байланыстырған, зорлық-зомбылықты насихаттаған, Аллаға, дінге тіл тигізген трендтер мен мемдердің қаупін талқыға салды.
Материал Атырау облысының ТҚК мәліметі негізінде дайындалды
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -