Жетісуда Көксу ауданының 80 жылдығы атап өтілді
Бүгін Көксу ауданы Балпық би ауылында ауданның 80 жылдық мерейтойына арналған «Кенен жерім Көксуым» атты мерекелік іс-шаралар өтті. Шара барысында мерейтойлық көпшілік үшін көрме, кітаптың тұсаукесері, мәдени және спорттық жарыстар ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мерекелік шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев, алыс-жақыннан келген қонақтар, аудан жұртшылығы қатысты. Меймандар алдымен қолөнер бұйымдары, қылқалам шеберлерінің туындылары, көрнекті тұлғалардың өмірі мен еңбегіне қатысты бұйымдар қойылған көрмемен танысты. Салтанатты шараның шымылдығын ашқан Мұқыры халық театры көпшілікке ауданның құрылу тарихын баяндайтын театрлық көрініс ұсынды.
Көксулықтарды мерейлі тойымен құттықтаған Бейбіт Исабаев Ескелді би, Балпық әулие, Қабылиса жырау, Қалқа Жапсарбаев, Социалистік Еібек Ерлері Нұрмолда Алдабергенов, Зылиха Тамшыбаева сынды күллі қазаққа ортақ тұлғалардың алтын бесігі болған өңірдің бүгінгі жетістіктері көңіл қуантатынын тілге тиек етті:
- Жері майса, суы мол, берекесі жарасқан Көксу ауданы тоғыз жолдың торабында, күре жолдың бойында тұр. Бұл ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде көксулықтар экономиканың негізгі салаларында табысқа жетіп, облыстың өркендеуіне үлес қосып келеді. Аудан бойынша өткен 9 айда ауыл шаруашылығы өнімінің өндірісі 25,8 млрд. теңгеге, ал өнеркәсіп өндірісінің көлемі 27,6 млрд. теңгеге жетті. Жалпы 2023-2024 жылдары ауданның инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандарын салуға, қайта жаңғыртуға және жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 16 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Ауданның 80 жылдық тарихы – еңбектің, ерліктің, бірліктің тарихы. Бүгінгі тойдың ұрпақ үшін берер тәлімі мол болатыны анық, - дей келе аудан тұрғындарына жылы тілек, жақсы лебізін білдірді.
Жерлестеріне Жетісу облысының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Наурыз Қылышбаев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болат Керімбек құттықтау сөз арнап, өсу-өркендеу тіледі.
Мұнан соң мерейтойға арнап шығарылған «Құтқа құндақталған Көксуым» атты кітаптың тұсауы кесіліп, «Көрікті мекен-Көксуым» атты ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары марапатталды.
Осы күні көпшілік назарына мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылып, түрлі спорттық ойындар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, арқан тартыс, қошқар көтеру, қол күрес, гір көтеру, кермеге тартылу, көкпар, құнан бәйге, аламан бәйге жарыстары өткізілді.
Еске салсақ, Көксу ауданы 1944 жылы 8 мамырда құрылған. Жетісудың солтүстік аймағында қоныс тепкен ауданда 40 мыңға жуық адам тұрады. Облыс орталығын 18 шақырым жерде орналасқан.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -