Жетісулық отбасы кір сабын өндіретін цех ашты
Панфилов ауданының тұрғыны мемлекеттік қолдаудың арқасында кір сабын шығаратын цехты іске қосты. Бұл цех – Баширбаевтар әулетінің ортақ отбасылық бизнесі. Шағын өндірісте әзірге аптасына 100 кг сабын шығарылып отыр. Кәсіпкер алдағы уақытта цехты кеңейтіп, өндіріс көлемін арттырсам дейді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Кәсіпкер Рахат Баширбаевтың анасы Бақыт Танекеева мен нағашы әпкесі Назерке Танекеева жастайынан аналарының қара сабынды қалай қайнататынын көріп өсті, талай қолқабыс та етті. Кейін сол рецепт бойынша әпкелі-сіңлілілер үй жағдайында қара сабын қайнатып, сата бастаған болатын. Сондықтан да Рахаттың «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерімен танысып, бизнес ашқысы келетінін естіген кезде ағайынды Танекеевалар Рахатқа шаруашылықта күнделікті қолданылатын кір сабын өндірісін қолға алу туралы ақыл берген. Рахат Баширбаев бағдарлама аясында 5,1 млн. теңгеден астам қаржы алып, оған Өзбекстаннан кір сабын шығаратын арнайы құрылғы сатып алған. Сөйтіп отбасы Басқұншы ауылында өз гараждарын цех ретінде қайта жабдықтап, құралдар орнатып, шаруаны бастап кетті.
- Бала кезімізде анам сексеуілдің, алаботаның күлінен қара сабын қайнатып жататын. Қол күшімен жасалатын сол еңбек процестері әлі көз алдымда. Жаңа кәсіп бастау туралы ой келгенде ағайынды әпке-бауырларымызбен бірге өзімізге етене таныс кір сабын жасау ісіне кірісейік деп шештік. Қазір цехта өнім дайындау, яғни қоспаларды қайнату, сабын ретінде өңдеп шығару, арнайы қалыптарға құю, қондырғылар арқылы түрлі көлемге келтіру – бәрі де арнайы аппаратпен атқарылады. Сондықтан өнім шығару әлдеқайда тез және оңай атқарылады, - дейді Назерке Танекеева.
Кәсіпкер сабын жасауға қажетті қоспарларды негізінен Алматыдан және жергілікті жерден алады. Қоспалар туралы айтсақ, өнім жасауға тоң май, яғни қой мен сиырдың іш майы, қыздырылған фритюр майы, каустикалық сода, емдік қасиеті бар гүлшетен, шай ағашының майы сияқты түрлі эфир майлары қолданылады. Эфир майларының түрлері тапсырыс берушінің сұранысына қарай қосылады.
Жас кәсіпкер жақында сұйық ұнтақ жасауды Алматыдан арнайы үйреніп қайтқан. Алдағы уақытта оны да цехта өндіріп шығаруды көздеп отыр. Сол сияқты жаз мезгілінде түрлі шөптерден қара сабын жасауды жалғастырмақшы. Назерке қазіргі кезде ниеті бар жандарға кір сабын, қара сабын мен сұйық ұнтақ жасаудың әдіс-тәсілдерін үйрететін шеберлік сағатын өткізіп бастады. «Сұйық ұнтақ өзі үнемді, өзі аллергия туғызбайтын таза, қош иісті. Сондықтан кір сабынмен бірге оның да қалай дайындалатынын үйретемін. Білгенімді басқалармен бөлісіп, олардың да осылай өз істерін ашуына септігін тигізсем, жақсы ғой, - дейді ол.
Цех қаңтардың басынан іске қосылып, соңғы 1 аптада 72%-тік 100 кг сабын өндірілген. Бүгінде шағын кәсіпорында жасалған өнімдердің өз тұтынушылары қалыптасып үлгеріпті. Сабынға негізінен базарлардағы, дүкендердегі шағын кәсіп иелері тапсырыс береді. Цех жұмысы Инстаграм әлеуметтік желісінде naz.26.07.1981 парақшасы арқылы насихатталып келеді.
Жалпы Панфилов ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасының І, ІІ транштары бойынша 93 субъектінің жобасы мақұлданып, оларға жалпы көлемі 662 млн. теңгеден астам несие беріп, азаматтар шағын кәсіптерін бастаған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттер Назерке Танекееваның жеке архивінен алынды.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -