Егіс науқаны, жаңа технологиялар және жолдар: Асайын Байханов жұмыс сапарымен Железин ауданына барды
Облыс әкімі Асайын Байханов Железин ауданына жасаған жұмыс сапары барысында көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысып, диқандармен кездесті және жол жобаларының жүзеге асырылуын тексерді.
Егіс науқанының барысы туралы өңір басшысына Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимов баяндады. 2026 жылы ауданның егіс алқабы 212 мың га дейін ұлғайтылды. Дәнді және майлы дақылдарға негізгі басымдық берілген. Оның ішінде күнбағыс алқабы шамамен 100 мың га.
Бүгінде ауданның егіс алқаптарында 318 трактор мен 96 егін егу кешені жұмыс істеуде. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпы құны 2,9 млрд теңгеге 78 бірлік жаңа техника сатып алған. Тұқыммен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілген. 28 мамырдағы мәлімет бойынша, аудандағы егіс науқаны аяқталуға жақын. Бидай 75% алқапқа, арпа 99%, сұлы 98%, ал күнбағыс 79 мың га астам алқапқа егілді.
Диқандарға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Қаржыландыру бағдарламалары аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеден асатын 9 несие берілді. Сонымен қатар, тағы 3 млрд теңге көлеміндегі 48 несие «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы қаржыландырылды.
Ауданда заманауи агротехнологияларды енгізуге ерекше көңіл бөлінуде. Облыс әкіміне күнбағыс тұқымын электромагниттік өріспен өңдеу технологиясы таныстырылды. Бұл әдіс тұқымның өсімділігін арттыруға, өсімдіктің құрғақшылық пен ауруларға төзімділігін күшейтуге, сондай-ақ өнімділікті 30% дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Жұмыс сапары барысында Асайын Байханов «Токтушаков» шаруа қожалығында болды. Соңғы үш жылда шаруашылық егіс алқабын 150 гектардан 8 мың гектардан астам жерге дейін ұлғайтқан. Қазіргі таңда мұнда жеке май зауытын іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде шаруашылықта 16 адам еңбек етеді. Сонымен қатар, жалақы деңгейі 250 мың теңгеден 350 мың теңгеге дейін өскен.
Облыс әкімінің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесуінде суармалы жерлердің мәселелері талқыланды. Бүгінде ауданда 500 га алқапқа жаңбырлатып суару қондырғыларын орнату жобасы пысықталуда. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 1 млрд теңгені құрайды. Қаражаттың жартысы «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы тартылған. Жобаны іске асырудағы негізгі мәселе - электр желілеріне қосылу және сорғы станциясын қосымша қуат көзімен қамтамасыз ету.
- Жобаның параметрлерін, желілердің ұзындығын және жұмыс құнын жан-жақты зерделеу қажет. Егер инфрақұрылымды бірнеше шаруашылық пайдаланатын болса, бұл салынған қаражаттың тиімділігін айтарлықтай арттырады, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Кездесуде ауыл шаруашылығымен қатар экономика, инфрақұрылым және солтүстік аудандағы халық санын сақтау мәселелері де талқыланды.
- Железин ауданы бүгінде өз кірістерінің көлемі бойынша аудандар арасында көшбасшылардың бірі. Бұл көрсеткіш шамамен 2,3 млрд теңгені құрайды, - деді облыс әкімі.
Шаруашылықтардағы ресми жұмыспен қамту және жалақы деңгейі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Асайын Байханов жеке табыс салығы ауылдық округтерде қалатынын атап өтіп, жалақыны заңды түрде төлеу ауылдардың дамуына тікелей әсер ететінін айтты.
Өңір басшысы облыс билігі фермерлерден еңбекақыны кезең-кезеңімен арттыруды және қызметкерлердің табысын ашық рәсімдеуді күтетінін жеткізді. Сонымен қатар, мемлекет диқандарды ерте қаржыландыру, жеңілдетілген жанар-жағармай және субсидиялау тетіктері арқылы қолдауды жалғастырады.
Сапар барысында демографиялық жағдай да талқыланды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Железин ауданында халық саны 106 адамға азайған. Өңір басшысының пікірінше, тұрғындарды сақтап қалудың басты жолы - инфрақұрылымды дамыту, яғни жолдарды жөндеу, мектептер мен медициналық нысандар салу.
- Егер ауылда мектеп болмаса, ауылдың өзі де болмайды. Сондықтан біз ауылдық аумақтарды дамытуға қаржы бөлуді жалғастырамыз, - деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі аудан өміріне бизнестің де белсенді қатысу қажеттігіне тоқталды. Мысал ретінде фермерлердің абаттандыру мен жергілікті мәселелерді шешуге бірлесіп атсалысатын Шарбақты ауданының тәжірибесін келтірді.
Жұмыс сапарының жеке бір бөлігі жол инфрақұрылымына арналды. Өңір басшысы ұзындығы 2,3 км болатын Мыңкөл ауылының кіреберіс жолын жөндеу жұмыстарымен танысты. Құны 163,3 млн теңге болатын жоба ресайклинг әдісімен жүзеге асырылып, кейін асфальт-бетон жабыны төселеді. Осындай жұмыстар Петропавловка ауылының кіреберіс жолында да жүргізілуде.
Соңғы үш жылда облыстық бюджеттің қолдауымен ауданда 15 ауылдық округтің кіреберіс жолдары жөнделді. Мыңкөл мен Петропавловка ауылдарындағы жұмыстар аяқталғаннан кейін халқы 200 адамнан асатын барлық ауылдардың кіреберіс жолдарының жөнделу көрсеткіші 100% құрайтын болады. Сонымен қатар, биыл облыстық бюджеттен Железин және Валиханово ауылдарындағы ішкі көшелерді жөндеуге 380,5 млн теңге бөлінді. Аудан орталығында жөндеу жұмыстары бірнеше көшеде қатар жүргізілуде, ал Валиханово ауылында Молодежная, Железнодорожников, Зеленая және Привокзальная көшелері жөнделуде.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Асайын Байханов көктемгі дала жұмыстарын сапалы аяқтауды, агротехнологиялардың сақталуын күшейтуді және жол жөндеу жұмыстарының мерзімінен кешікпеуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі Суреттерді түсірген Валерий Бугаев
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -






























