Ербол Қарашөкеев: Мектеп – баланың екінші үйі, шәкірт – елдің ертеңі
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Білім сапасы мен адами капитал: жаңа оқу жылындағы өңірлік басымдықтар» тақырыбындағы дәстүрлі тамыз конференциясына қатысып, білім беру жүйесінің алдағы кезеңдегі негізгі міндеттерін айқындады.
Мәні мен маңызы зор іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Толқын Исақова, аудан және Тараз қаласы әкімдерінің орынбасарлары, құқық қорғау және атқарушы органдардың басшылары, кәсіподақ ұйымдары мен азаматтық қоғам өкілдері, білім саласының ардагерлері, ұстаздар мен жас педагогтер жиналды.
Конференция аясында колледж студенттері мен мектеп оқушыларының жасанды интеллект пен цифрландыруға негізделген жобаларының көрмесі ұйымдастырылды.
Жиын барысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың бейнеқұттықтауы көрсетіліп, «Адами капиталдың сапасын дамытудағы білім берудің өңірлік жүйесі» тақырыбындағы бейнеролик ұсынылды. Сондай-ақ 2025-2026 оқу жылының қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған міндеттер таныстырылды.
Өңір басшысы өз сөзінде білім сапасын арттыру, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды нығайту, цифрландыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, инклюзивті білім беруді дамыту және еңбек нарығына қажетті кадр даярлау мәселелеріне тоқталды.
Биыл облыстың білім беру саласына 362,5 млрд теңге бағытталды. Бұл өңір бюджетінің 50 пайыздан астамын құрайды.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында заманауи технологиялармен жабдықталған 7 мектеп іске қосылып, үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешімін тапты. Сонымен қатар биыл 14 білім беру нысанының құрылысына қаржы қарастырылған. Оның ішінде 5 мектеп және 9 жапсарлас құрылыс бар.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста 2025-2029 жылдарға арналған 133 мектепті жаңғырту жоспары бекітілді. Өткен жылы 10 мектеп жаңғыртылса, биыл 6 білім беру ұйымында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен 80 мектептегі 207 оқу кабинеті қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
«Білім саласына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Қаржы да, мүмкіндік те бар. Ендігі мәселе – осы мүмкіндікті нақты нәтижеге айналдыру. Мектептің материалдық базасы жаңарғанымен, білім сапасы артпаса – жұмысымыздың толық нәтижесі жоқ. Сондықтан әрбір білім беру ұйымының жұмысы нақты нәтижемен бағалануы тиіс», – деді Ербол Қарашөкеев.
Әлеуметтік қолдауды күшейту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан балаларды тегін тамақпен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 1 млрд теңгеден астам, ал көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардың балаларын ыстық тамақпен, мектеп формасымен және жазғы сауықтыру шараларымен қамтуға 11,2 млрд теңге қарастырылған.
Бұл ретте әлеуметтік қолдаудың әр балаға нақты жетуін қамтамасыз ету, балабақшалардағы бала санын есепке алу және жан басына шаққандағы қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету міндеті қойылды.
Жаңа оқу жылында балалардың қауіпсіздігі де ерекше бақылауда болады. Мектеп асханаларындағы тамақтың сапасы мен қауіпсіздігі, санитарлық талаптардың сақталуы, оқушыларды тасымалдау және шалғай елді мекендерден қатынап оқитын балалардың қауіпсіздігі тұрақты назарда болуы тиіс.
«Бала қауіпсіздігі – кез келген көрсеткіштен жоғары тұратын мәселе. Бір баланың қауіпсіздігіне қатысты немқұрайдылықтың өзі – біз үшін жол беруге болмайтын жағдай», – деді облыс әкімі.
Конференцияда ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға да басымдық берілді. Осы бағытта «Ата-аналар мектебі», «Әкелер мектебі», «Әжелер мектебі» сияқты бастамалардың жұмысын жаңа деңгейге көтеру, отбасы мен білім беру ұйымдарының байланысын күшейту қажеттігі айтылды.
Өңір басшысы сапалы білім мен саналы тәрбие қатар жүруі тиіс екенін атап өтті.
Сонымен бірге мектептерде кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән берілмек. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында отбасылық оқу, Book Club, кітап талқылау және буккроссинг сияқты бастамаларды жандандыру көзделіп отыр.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру да назардан тыс қалмайды. «Таза Қазақстан» қағидаттарын мектептен бастап, қалдықтарды сұрыптау, су мен энергияны үнемдеу, ағаш отырғызу, көгалдандыру және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстарды тұрақты әдетке айналдыру міндеті қойылды.
Білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформацияға да айрықша мән берілді. Педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыру, жасанды интеллект құралдарын оқу процесінде тиімді қолдану және инновациялық әдістерді енгізу жұмыстары жалғасады.
«Біздің міндетіміз – оқушыны технологияны жай ғана пайдаланушы емес, ақпаратты саралай алатын, сыни ойлайтын, шығармашылықпен жұмыс істейтін тұлға ретінде қалыптастыру. Жасанды интеллект – ұстазды алмастыратын құрал емес, оның кәсіби мүмкіндігін арттыратын көмекші құрал болуы тиіс», – деді Ербол Қарашөкеев.
Облыста ерекше білім беруді қажет ететін 10 073 бала бар. Осыған байланысты білім беру ұйымдарында кедергісіз орта қалыптастыру, арнайы кабинеттер мен құрал-жабдықтардың қолжетімділігін арттыру, педагогтер мен мамандардың біліктілігін жетілдіру жұмыстары жалғасады.
Техникалық және кәсіптік білім беруді өңір экономикасымен байланыстыру да маңызды міндеттердің бірі ретінде белгіленді.
Қазіргі таңда облыста іске асырылып жатқан 116 инвестициялық жоба аясында 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылмақ. Осыған байланысты колледждер кәсіпорындардың нақты сұранысына сәйкес мамандар даярлауы қажет.
Дуальды оқытуды күшейту, жұмыс берушілермен байланысты нығайту, инвесторларды колледждердің материалдық-техникалық базасын дамытуға тарту және заманауи құзыреттілік орталықтарын ашу жұмыстары жалғасады.
Сондай-ақ атом электр станциясын салу жобасына байланысты қажетті білікті кадрларды даярлау мәселесіне қазірден бастап мән беру тапсырылды.
Пленарлық отырыста білім беру саласының өзекті бағыттарына арналған баяндамалар ұсынылды. ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов «Цифрлық жаһандану дәуірінде педагогтерді даярлау» тақырыбында сөз сөйлесе, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Толқын Исақова бала құқықтарын қорғау және білім беру ортасында заң мен тәртіп қағидаттарын нығайту мәселелеріне тоқталды.
Сонымен қатар парасаттылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет және академиялық адалдық мәселелері қозғалды. Бұл бағытта облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Болат Көпдікбаев баяндама жасады.
Жиында «Halyk» қайырымдылық қорының атынан білім басқармасына 10 автокөліктің кілті табысталды. Сондай-ақ білім беру жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан педагогтер мен қызметкерлер құрметке бөленді.
Атап айтқанда, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ы. Алтынсарин» медалімен – 4 педагог, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен – 3 педагог, Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен – 5 педагог марапатталды.
Бұдан бөлек, облыс әкімінің Құрмет грамотасына – 5 педагог, Алғыс хатына – 5 педагог, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында облыс әкімінің Құрмет грамотасына – 7 қызметкер, Алғыс хатына – 5 қызметкер ие болды.
2026 жылғы «Орта білім беретін үздік ұйым» грантының иегері ретінде Тараз қаласындағы Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияға 68 млн теңгенің сертификаты берілді.
«Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингі бойынша жоғары нәтиже көрсеткен мектептер, колледждер және мектепке дейінгі ұйымдар марапатталды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі білім саласының алдына қойылған міндеттердің ауқымды екенін атап өтіп, педагогтерден кәсібилік, жауапкершілік, талапшылдық және нақты нәтижеге бағытталған жұмысты күтетінін жеткізді.
«Мектеп – баланың екінші үйі. Ұстаз – оның өмір жолындағы бағыт беруші. Шәкірт – еліміздің ертеңі. Ендеше жаңа оқу жылын жаңа міндеттермен ғана емес, жаңа нәтижелермен бастайық!» – деді Ербол Қарашөкеев.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -


























