Ербол Қарашөкеев шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларын тексерді
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Жуалы ауданына барып, Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы аумағында орналасқан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағының жұмысымен танысты.
Теріс-Ащыбұлақ су қоймасында 2026 жылғы 1 маусымнан бастап мобильді құтқару бекеті қызмет көрсетіп келеді. Мұнда бір құтқару қайығы, аспалы мотор және «Газель» автокөлігі бар. Қазіргі уақытта үш құтқарушы тәулік бойы кезекшілік атқарып, судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде.
ТЖД мәліметіне сәйкес өңірде азаматтардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету мақсатында шомылуға рұқсат етілген 12 орын белгіленген.
Биылғы шомылу маусымы басталғаннан бері облыс аумағындағы шомылуға рұқсат етілген су айдындарында азаматтардың қаза болуына немесе жарақат алуына әкелген төтенше жағдайлар тіркелмеген.
Ербол Қарашөкеев жауапты сала басшыларына шомылу маусымы аяқталғанға дейін судағы қауіпсіздік талаптарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Атап айтқанда, рұқсат етілген су айдындарында стационарлық және мобильді құтқару бекеттерінің тәулік бойғы кезекшілігін күшейту, жағалау аумақтарын үздіксіз патрульдеу, сондай-ақ тұрғындар мен демалушылар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған профилактикалық жұмыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар аралау барысында бақылау мұнарасының, құтқарушыларға арналған тұрақтың және қауіпсіздік тақтайшаларының жоқтығы анықталды. Осыған байланысты облыс әкімі аталған кемшіліктерді бір апта ішінде жоюды міндеттеді. Келесі аптаның соңында аумаққа қайта барып, берілген тапсырмалардың орындалуын жеке тексеретінін ескертті.
Облыс әкімі азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ жазғы демалыс үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау – барлық жауапты мемлекеттік органдардың басты міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ шомылу маусымы аяқталғанға дейін су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -




















