Год цифровизации: в области Жетiсу обсудили вопросы развития технологий будущего
Биылғы цифрландыру жылы аясында Жетісу облысында болашақ технологиясы тақырыбы кеңінен талқыланды. Талдықорғандағы «Jetisu Digital» IT-хабы базасында өткен «Empowering Kazakhstan's Future: IT & AI Insights 2026» атты мазмұнды конференция өңірдің технологиялық әлеуетін дамытуға бағытталды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Шара барысында қатысушылар заманауи цифрлық бағыттармен танысып қана қоймай, өз жобаларын жүзеге асырудың алғашқы тетіктерін меңгеруге мүмкіндік алды.
Кездесудің басты қонағы – халықаралық деңгейдегі сарапшы, JumpCloud компаниясының Platform Software Engineer-і, Cloud Architect әрі Google Developer Expert (GDE) Энез Туран бұлттық технологиялар, backend әзірлеу және таратылған жүйелер архитектурасы бағытындағы озық тәжірибесімен бөлісіп, күрделі жүйелерді құрудың заманауи тәсілдерін түсіндірді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда cloud computing мүмкіндіктерін тиімді пайдалану – IT саласында бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторларының бірі.
– Қазақстандық достарыммен бірге жасанды интеллект пен Gemini мүмкіндіктері туралы бірегей воркшоп өткіземін. Біз IT, AI және нақты инженерлік тәжірибелерге терең бойлап, болашақты шынымен қалыптастыратын инсайттарды қарастырамыз. Мен өз біліміммен бөлісіп, технологиялардың алдағы даму бағыты және осы үдерістің бір бөлігіне қалай айнала алатынымыз жайлы баяндаймын. Егер технологияларға, жасанды интеллектіге және маңызды дүниелерді жасауға қызығушылық танытсаңыз, онда бүгін сіздің орныңыз – осы жерде, біздің қатарымызда, - деді Google Developer сарапшысы Энес Туран.
Бір ерекшелігі, жиын толықтай ағылшын тілінде өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл халықаралық деңгейдегі тәжірибені тікелей қабылдауға жол ашады.
– «Google» компаниясының атақты сарапшысының жасанды интеллект және оның Қазақстандағы болашағы туралы дәрісін тыңдадық. Бұл – талдықорғандықтар үшін ерекше мүмкіндік, өйткені бізге Түркиядан маман арнайы келіп отыр. Мұндай деңгейдегі спикерлерді табу өте қиын, келіссөз жүргізу де оңай емес, себебі олардың бос уақыты жоқ, тек алдын ала жоспарланған кесте бойынша ғана сапарға шыға алады. Тыңдаушы ретінде біз жергілікті студенттер арасындағы әзірлеушілерді, осы бағытқа қызығушылық танытатын әрі үлгерімі жақсы мектеп оқушыларын, сондай-ақ шетелдік мамандармен ынтымақтастыққа ниетті адамдар мен мамандарды шақырдық. Бүгінгі ақпарат баршаға пайдалы болады деп сенемін, – дейді ұйымдастырушылардың бірі, «Астана Хаб» АКҚ-ның Талдықорған қаласы бойынша менеджері Маржан Мүлкібаева.
Шара аясында өткен тәжірибелік воркшоп қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Мұнда нақты кейстер талданып, заманауи AI құралдары таныстырылды. Сонымен қатар жастар өз идеяларын пысықтап, оларды технологиялық жобаға айналдыру жолдарын қарастырды. Ашық пікір алмасу мен нетворкинг алаңы жаңа байланыстар орнатуға мүмкіндік беріп отыр.
Жиынға мектеп оқушылары, студенттер, жас мамандар және IT саласына бейжай қарамайтын өңір тұрғындары қатысты. Солардың бірі – Талдықорған қаласындағы №14 орта мектеп-гимназиясының 8 «Д» сынып оқушысы София Егорова.
- Мен әзірге мектепте оқимын, бірақ болашақта қандай мамандықты таңдайтынымды қазірден бастап ойлап жүрмін. Әлі нақты шешім қабылдамадым, сондықтан осындай іс-шараларға тұрақты қатысуға тырысамын. Қазіргі таңда басқа бағыттарға көбірек көңіл бөліп жүрмін, дегенмен жалпы ой-өрісімді кеңейту үшін арнайы уақыт бөліп, осы шараға келдім. Қазіргі жастардың әлеуеті үлкен, сондықтан әрдайым жаңа нәрселерді үйренуге ұмтылу керек, бұл біз үшін пайдалы болатыны сөзсіз, - деді ол.
– Бүгін шынымен ерекше күн, өйткені біз «Google»-дың қазіргі заманғы әзірлеушісімен тікелей тілдесу бақытына ие болдық. Меніңше, мұндай деңгейдегі маманның шеберлік сағатына қатысу – бағдарламашылар арасындағы жарыста жеңіске жетумен бірдей. Жетісу облысының жастары үшін бұл – зор мүмкіндік, – дейді осындай тренингтердің тұрақты қатысушысы, №19 орта мектептің 10 «Ә» сынып оқушысы Рамазан Өмірғали.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -



