Инвестштабта Ақтөбе облысының бес маңызды жобасы бойынша шешімдер қабылданды
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен және облыс прокуроры Марат Әбішевтің теңтөрағалығымен өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтіп, онда аймаққа инвестиция тартуға және экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған жобалар қаралды.
Айтып өтейік, бүгінде Ақтөбе облысының әкімдігі облыстық прокуратурамен бірлесе отырып, «Жасыл дәліз» жобасы аясында кәсіпкерлер мен инвесторларға қолдау көрсетуде. Кәсіп иелерін мазалаған сұрақтар мен туындаған мәселелер арнайы тетіктер арқылы қабылданып, жедел шешімін табады. Бұл бастама өңірдегі бизнес жүргізу климатын жақсартуға және инвестициялық белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі отырысқа ҚР Президенті Әкімшілігінің Өңірлік даму мониторингі бөлімі инспекторы Ержан Зәйтүнұлы, департаменттер мен басқармалардың басшылары, ұйымдар және инвестор-компаниялардың өкілдері қатысты.
Асхат Шахаров Мемлекет басшысы биыл өңірлерде инвестициялық саясатты күшейту бойынша нақты міндеттер қойғанын алға тартты.
Отырыста өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды бес инвестициялық жоба қаралды.
Соның бірі – «Эрудит бизнес» ЖШС-ның жеке бизнес мектебі. Инвестор жобаны халықаралық білім беру ұйымы «International Community Schools» (БАӘ) бірге жүзеге асыруда. Облыс әкімі 2021 жылы жер телімі берілгеніне қарамастан, құрылыс жұмыстары әлі басталмағанын айтып, жұмысты жеделдетуді тапсырды.
Екінші жоба – «Аргест» компаниясының қуаты 100 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы. Инвестор іргетас шұңқырын әзірлеу және технологиялық жол салу сияқты дайындық жұмыстарын жүргізгенін хабарлады. Жобаны әрі қарай іске асыру үшін жер телімін жалға алу мерзімін ұзарту қажет. Облыс әкімі Хромтау ауданының әкімдігіне бұл мәселені қысқа мерзімде шешуді тапсырды.
Үшінші жоба – «Зерде ҒӨБ» ЖШС-ның дәрілік заттар қоймасының құрылысы. Құны 2 млрд теңгені құрайтын жоба бекітілген кестеге сәйкес іске асырылуда. Инвестор жер телімін өз қаржысы есебінен сатып алған. Инвестициялық штаб тарапынан ескертулер жоқ.
Төртінші жоба – «Orhun Medical» ЖШС-ның ядролық медицина орталығын құру. Инвестиция көлемі – 3,5 млрд теңге. Орталық жоғары технологияларды қолдана отырып, әлеуметтік мәні бар аурулардың алдын алып, емдеуге қауқарлы. Денсаулық сақтау басқармасы инвесторға ғимаратты ұзақ мерзімді жалға берді.
Бесінші жоба – «Ақтөбе Генерация» ЖШС-ның болат балқыту зауытының құрылысы. Бұған дейін жоба инвестициялық мәртебеге ие болған, алайда міндеттемелер орындалмаған соң бұл мәртебе кері қайтарылған. Облыс әкімі жобаның кестеден кешігіп жатқанын атап, жер телімін пайдалану мәселесін реттеу бойынша шаралар қабылдауды жауапты органдарға тапсырды.
Отырысты қорытындылай келе, облыс әкімі Асхат Шахаров инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру және олардың жобаларын жүйелі түрде қолдау өңірдің экономикалық саясатының басым бағыттарының бірі болып қала беретінін жеткізді. Ол жауапты мемлекеттік органдарға жобаларды сүйемелдеу, кедергілерді жою және міндеттемелердің орындалуын қатаң бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -
























