Конституция тақырыбында ғылыми семинар өтті
29 мамырда ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Конституциялық Соттың төрағасы Эльвира Азимованың «Конституция – қоғамды жаңғыртудың құралы ретінде: құндылықтар мен нормалар» тақырыбындағы ғылыми семинары өтті. Семинар Конституция құндылықтарын насихаттау және түсіндіру жөніндегі кешенді іс- шаралар аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, заң ғылымдарының докторы, профессор Исидор Борчашвили, сондай-ақ Агенттік пен Мемлекеттік басқару академиясының қызметкерлері қатысты.
Семинар барысында Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, негізгі құндылықтар мен құқықтық нормалардың маңызы талқыланды.
Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай өз сөзінде республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияның Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы айрықша тарихи оқиға екенін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жүргізіп отырған реформалар уақыт талабына сай әрі қазіргі қазақстандық қоғамның сұраныстарына берілген дәйекті жауап екенін айтты. Оның айтуынша, технологиялардың қарқынды дамуы мен жаһандық саяси өзгерістер жағдайында жаңа Конституция қуатты әрі бәсекеге қабілетті Қазақстанның берік негізін қалыптастырып, еліміздің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындады.
Семинарда Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Азимова «Қазақстан Республикасы Конституциясы: құндылық бағыттары» тақырыбында баяндама жасап, Конституцияның қоғамды жаңғыртудағы рөліне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы маңызына және конституциялық реформалардың негізгі бағыттарына тоқталды.
Эльвира Азимова өз сөзінде «жаңа Конституция жобасы 11 тарау мен 96 баптан тұрады. Құжаттың негізгі қағидаттары қатарында заң мен тәртіп, халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы, күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет моделі, адал азамат және Таза Қазақстан идеялары айқын көрініс тапқан. Сонымен қатар Конституцияда егемендік пен аумақтық тұтастықтың мызғымастығы бекітіліп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері күшейтілген. Сот ісін жүргізу нысандары кеңейтіліп, сот төрелігінің конституциялық қағидаттары нығайтылған.
Бұдан бөлек, неке ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалған. Жоба аясында Вице-президент институтын енгізу, бір палаталы Парламентке көшу және Қазақстан халқы Кеңесін құру мәселелері де қарастырылған», – деді.
Сондай-ақ заң ғылымдарының докторы, профессор Исидор Борчашвили конституциялық реформалардың құқықтық мемлекет қалыптастырудағы маңызын атап өтіп, құқықтық мәдениет пен заң үстемдігін нығайту мәселелері жөнінде пікір білдірді.
Іс-шара соңында қатысушылар адам капиталы, білім мен ғылым, инновация, цифрландыру, отбасы құндылықтары және заң үстемдігі тақырыптарын талқылап, Конституцияның қоғам өміріндегі рөлі мен құқықтық реформалардың маңызы жөнінде пікір алмасты.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -
















