ПРАВА ГРАЖДАН – В ПРИОРИТЕТЕ
Азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Бұл бағыттағы жұмыстың басты мақсаты – мемлекеттік қызметтердің сапалы, уақытылы және заң талаптарына сәйкес көрсетілуін қамтамасыз ету.
Мемлекеттік қызмет алу барысында азаматтар кейде негізсіз бас тарту, құжаттарды қарау мерзімінің бұзылуы немесе қызмет көрсету тәртібінің сақталмауы сияқты мәселелерге тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда Департамент тарапынан өтініштер қаралып, қашықтықтан бақылау, жоспарлы және жоспардан тыс тексеріс шаралары жүргізіледі. Әрбір өтініш бойынша заңнама талаптарының сақталуы жан-жақты зерделеніп, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған нақты шаралар қабылданады.
2026 жылы Департамент тарапынан 103 азаматтың құқығы қалпына келтірілді. Бұл нәтижеге азаматтардың өтініштерін қарау, жоспардан тыс тексерістер жүргізу, сұрау салу және қашықтықтан бақылау шаралары, сондай-ақ Telegram-бот арқылы түскен хабарламаларды қарау нәтижесінде қол жеткізілді. Заң бұзушылықтар негізінен жер қатынастары, сәулет, білім беру және көлік салаларында анықталған.
Мысалы, мемлекеттік қызмет алушының шағымы негізінде жер учаскесіне құқық беру мәселесі бойынша аудан әкімдігінің шешіміне жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Тексеру барысында жер заңнамасы талаптарының сақталмағаны анықталып, Департамент тарапынан тиісті шаралар қабылданды. Нәтижесінде азаматтың бұзылған құқығы қалпына келтірілді.
Мұндай мысалдар мемлекеттік қызмет көрсету сапасына тұрақты бақылаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Себебі әрбір өтініштің артында нақты азаматтың мәселесі, уақыты және заңды мүддесі тұр. Сондықтан мемлекеттік органдардың қызмет көрсету кезінде заңдылықты, ашықтықты және азаматқа бағдарланған тәсілді сақтауы аса маңызды.
Азаматтардың құқықтарын қорғауда цифрлық құралдардың да маңызы артып келеді. Соның бірі – EgovKzBot2.0 Telegram-боты арқылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты өтініш, шағым немесе ұсыныс жолдау мүмкіндігі. Бұл құрал азаматтарға мемлекеттік органға бармай-ақ, смартфон арқылы өз мәселесін жеткізуге жағдай жасайды.
Боттың тиімділігі – оның қолжетімділігінде. Егер азамат мемлекеттік қызмет алу барысында негізсіз бас тарту, мерзімнің бұзылуы, артық құжат талап ету немесе мемлекеттік органның әрекеті не әрекетсіздігі бойынша қиындыққа тап болса, тиісті өтінішін осы арна арқылы жолдай алады. Мұндай цифрлық тетіктер мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қоғамдық бақылауды күшейтіп, азаматтардың құқығын жедел қорғауға мүмкіндік береді.
Егер мемлекеттік қызмет алу барысында құқықтарыңыз бұзылды деп есептесеңіз, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментіне немесе EgovKzBot2.0 Telegram-ботына жүгінуге болады.
Азаматтардың құқықтарын қорғау – тек заң талаптарын орындау ғана емес, сонымен бірге халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтудың маңызды шарты. Сондықтан Департамент бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырады.
Г. Медеуова,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің
мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -






