ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА 7 АЙДА 1 ТРЛН ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ
Түркістан облысы бүгінде инвестиция тарту қарқыны бойынша еліміздегі жетекші өңірлердің қатарында. Әсіресе шетелдік капиталды тарту, ірі инвестициялық жобаларды іске асыру және инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Инвесторларға қажетті инфрақұрылым қалыптасып, жобаларды сүйемелдеудің тиімді тетіктері жолға қойылған.
Түркістан облысына инвесторлардың қызығушылығы артып келеді. Бұған өңірде қалыптасқан қолайлы инвестициялық ахуал, дайын инфрақұрылым және инвестициялық жобаларды сүйемелдеудің тиімді тетіктері негіз болып отыр. Бүгінде Түркістан отандық және шетелдік капитал үшін тартымды өңірлердің біріне айналды.
Биыл облысқа 1,8 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған. 2026 жылдың 7 айының қорытындысымен облыстың капиталына 1 трлн теңгеден астам инвестиция бағытталып, өсім 137,5%-ды құрады. Ал бірінші тоқсанда өңір экономикасына тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 115 млн АҚШ долларына жетті.
Өңірдің инвестициялық портфелі де ауқымды жобалармен толығып келеді. Қазіргі таңда жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылған. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Биылдың өзінде 370 млрд теңгеге 67 жобаны іске асырып, 6 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланған. 7 айда жалпы құны 36 млрд теңге болатын 20 жоба іске қосылып, 631 адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылды.
Инвестициялық жобалардың ұзақ мерзімді әлеуеті де жоғары. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға 2015-2033 жылдарға арналған жалпы құны 3,2 трлн теңге болатын 219 жоба енгізілген. Бұл жобалар аясында 30 мыңға жуық жұмыс орнын құру көзделген. Оның ішінде 2015-2026 жылдары 507 млрд теңгенің 92 жобасы іске қосылып, 9 070 жұмыс орны ашылды. Ал 2026-2033 жылдары 2,7 трлн теңгеге 84 жобаны жүзеге асыру жоспарланып, нәтижесінде 19 488 жаңа жұмыс орны құрылады.
Тек биыл 540 млрд теңгеге 42 инвестициялық жобаны іске асырып, 9 747 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазірдің өзінде оның 14 жобасы іске қосылды. Бұл жобаларға 101 млрд теңге жеке инвестиция тартылып, 1 530 жұмыс орны құрылды. Сонымен бірге өңірлік инвестициялық пулда жалпы құны 13 млрд теңге болатын, 1 384 жұмыс орнын құруды көздейтін 43 жоба іске асырылуда.
Инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін өңірде қажетті өндірістік инфрақұрылым да қалыптасқан. Атап айтқанда, аумағы 1 450 гектар арнайы экономикалық аймақ, 1 931 гектарды қамтитын 21 индустриалды аймақ және жалпы аумағы 264,2 гектар болатын 29 шағын өндірістік алаң жұмыс істейді. Бұл аймақтарда ірі жобалар іске асырылуда.
Одан бөлек, инвестиция тарту және инвесторларды сүйемелдеу мақсатында «Turkistan invest» өңірлік фронт-офисі «Бір терезе» қағидаты бойынша инвестициялық жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде кешенді қолдау көрсетеді. Фронт-офис инвесторларға жобаны жоспарлаудан бастап іске қосуға дейін аналитикалық, консультациялық және мемлекеттік қолдау көрсетіп, көші-қон және жобаларды сүйемелдеу мәселелерін шешуге көмектеседі.
Осылайша, Түркістан облысында инвестиция тарту тек қаржы көлемін арттырумен шектелмей, жаңа өндірістер ашу, жұмыс орындарын көбейту және өңір экономикасын әртараптандырумен ұштасып отыр. Басты мақсат – инвестор үшін ашық, қауіпсіз әрі болжамды орта қалыптастырып, әрбір инвестициялық жобаның тиімді жүзеге асуына жағдай жасау.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -










