Қызылорда қаласын аяқсумен қамту мәселелері қаралды
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда Қызылорда қаласын аяқсумен қамтудың және суару жүйесінің қазіргі жағдайы, алдағы кезеңге арналған жоспарлар талқыланды.«Су ресурстарына толық талдау жүргізіп, қалаға қажетті көлемді нақтылап, келесі жылға су беру мүмкіндігін қарастыру маңызды. Әуежай маңы мен Белкөл кентіне кіреберіс аумақтардағы жасыл белдеуге аяқсу тұрақты берілуі және тал отырғызылуы керек.Арық жүйелерін толық түгендеп, су жетпейтін учаскелерге қатысты нақты жобалық және қаржылық ұсыныс енгізіңіздер. Аяқсумен қамтылған аумақтарды кезең-кезеңімен ұлғайту үшін нақты жоспар әзірлеңіздер. Көшет отырғызу және оларды суаруды ұйымдастырыңыздар», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Бүгінде қала аумағына аяқсу 15 нүктедегі 22 насос қондырғысы арқылы беріледі. Оның 4-еуі биыл орнатылған. Арық жүйелерінің жалпы ұзындығы 98,8 шақырым, 68 көшені қамтиды. «Жібек жолы», «Сарқырама» және «Қызылжарма» каналдары арқылы 14,4 шақырымдық үлкен лоток жүйесі, 39 көшеде 68,6 шақырым болатын кіші лотоктар, ал 26 көшеде 15,8 шақырымдық лотоксыз арық жүйесі бар. Қала ішіндегі арықтарға су 6 аумақтағы насос қондырғылары арқылы таратылады.Алдағы уақытта №217 мектеп ауласындағы су ұңғымасы жөнделіп, қайта іске қосылады. Бұл Қорқыт ата көшесінің бір бөлігіне аяқ су жеткізуге мүмкіндік туғызады. Аяқсу жеткізілген аумақтарды көгалдандыру мақсатында М.Шоқай, Қожа Ахмет Яссауи және Д. Қонаев көшелерінің бойына көшет отырғызылады.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -
















