Жамбыл облысында жыл басынан бері 121,9 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді
Жамбыл облысында мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында 121,9 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, саладағы өсім 3,3 пайызды құрады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірасіл Желеубаев мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 50 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде субсидиялауға – 36,5 млрд теңге, «СҚО тәжірибесін тарату» жобасына – 6,5 млрд теңге, ал «Ауыл аманаты» бағдарламасына 7 млрд теңге қарастырылған.
Жыл басынан бері 6,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 28,3 млрд теңге субсидия төленсе, қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 339 агроқұрылымға 9,2 млрд теңге көлемінде несие берілген.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өңірде 121,9 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, саладағы өсім 3,3 пайызды құрады.
Биыл облыстағы егіс алқаптарының жалпы көлемі 654,9 мың гектарға жетті. Оның ішінде дәнді және дәнді бұршақты дақылдар – 377,2 мың гектарға, майлы дақылдар – 43,4 мың гектарға, қант қызылшасы – 9,9 мың гектарға, картоп – 8,6 мың гектарға, көкөніс – 29,0 мың гектарға, бақша дақылдары – 9,0 мың гектарға, ал мал азығы дақылдары 177,6 мың гектарға орналастырылған.
Қазіргі таңда облыста егін жинау науқаны қарқынды жүргізілуде. Дала жұмыстарын уақытылы әрі сапалы атқару үшін өңірге 8,3 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Оның шаруаларға босату бағасы литріне 288 теңге болып белгіленген. Бұл нарықтағы бағадан 47–52 теңгеге, яғни шамамен 13 пайызға төмен.
Бүгінгі күнге дейін өңірге 1,7 мың тонна дизель жеткізіліп, оның 407 тоннасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне таратылған.
Егін орағы барысында масақты дәнді дақылдардың 257,3 мың гектары орылып, 483,2 мың тонна астық жиналды. Оның ішінде 221,6 мың тонна бидай және 261,6 мың тонна арпа бар. Өткен жылы орташа өнімділік гектарына 7,6 центнер болса, биыл бұл көрсеткіш 18,8 центнерге жетіп отыр.
Сонымен қатар картоп, көкөніс және бақша дақылдарын жинау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда 53,8 мың тонна картоп, 195,2 мың тонна көкөніс және 151,6 мың тонна бақша өнімі жиналды.
Мал шаруашылығы саласында да оң өсім сақталуда. Жалпы мал басы 4,4 млн басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 7,3 пайызға артқан. Оның ішінде ірі қара – 515,5 мың бас, қой – 3,6 млн бас, жылқы – 217,6 мың бас, құс саны 2,3 млн басқа жеткен.
Сондай-ақ облыста 110,2 мың тонна сүт, 57,6 мың тонна ет және 49,4 млн дана жұмыртқа өндірілді.
Биыл «Береке» және «Игілік» бағдарламалары аясында мал шаруашылығын дамытуға 13,2 млрд теңге бөлінді. Бағдарлама шеңберінде Австралия, Венгрия және Чехиядан 11,2 мың бас асыл тұқымды ірі қара мен ұсақ мал әкелу жоспарланып отыр. Бұл жобалар іске асқан жағдайда өңірдегі сүт өндірісі 2,5 пайызға, ал ет өндірісі 4 пайызға ұлғаяды.
Жыл қорытындысында Жамбыл облысында 3,4 млн тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін өндіру жоспарланып отыр.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -






















