KazFeltec төрт облыстың фермерлеріне қой жүнін өткізудің жаңа мүмкіндігін ұсынды
Ақтөбе облысында қой жүнін терең өңдейтін өндіріс орны дамып келеді. Кәсіпорын отандық мал шаруашылығымен айналысатын фермерлер үшін жаңа өткізу нарығын қалыптастыруда.
«KazFeltec» серіктестігі зауыты еліміздің бірден төрт өңіріндегі шаруа қожалықтарынан шикізат сатып алып, оны қосылған құны жоғары дайын өнімге айналдырады. Кәсіпорын былтыр пайдалануға берілген. Жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 5,3 млрд теңге.
Бүгінде зауыт Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарындағы шаруа қожалықтарынан қой жүнін қабылдайды. Осылайша, өндіріс орнының іске қосылуы мал шаруашылығы өнімдерін өткізу мүмкіндігін кеңейтіп, еліміздің бірнеше өңіріндегі жергілікті шикізатты өңдеу ісіне тартуға жол ашты.
Өндірістік желі заманауи италиялық CORMATEX жабдықтарымен жарақтандырылған. Оның қуаты жылына 3,6 мың тоннаға дейін қой жүнін өңдеп, 2,2 мың тоннаға дейін дайын тоқыма емес материал шығаруға мүмкіндік береді.
Табиғи шикізаттан экологиялық таза жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдар өндіріледі. Бұл өнімдер құрылыс, жиһаз жасау және басқа да салаларда кеңінен қолданылады.
Қазіргі уақытта кәсіпорын өнімдері ішкі нарыққа жеткізілуде. Алдағы уақытта компания экспорт нарығына шығуды жоспарлап отыр.
Источник:
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка -








